Еліміздің шикізатқа тәуелділігі инновацияның жеткіліксіздігінен – Жансейіт Түймебаев

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Президент өз Жолдауында әділетті қоғам орнатудың басты бағдары - елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру екенін айтты. Расымен, елдің тұрмыстық жағдайы түзелмей, өзге салада жетістікке жетуіміз неғайбіл. Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ректордың айтуынша, бүгінде еліміздің экономика саласында қордаланған түйткілдер жетерлік.

«Еліміздің әлі күнге дейін шикізатқа тәуелді болып отыруы еңбек өнімділігінің төмендігінен, инновацияның жеткіліксіздігінен екені жасырын емес. Ұлттық табыстың игілігін елдің бәрі бірдей көруі үшін оның нақты жолдарын қарастыру қажет. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, сонымен қатар, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру кезек күттірмес мәселе. Дамыған елдер экономикасында шағын және орта кәсіпкерліктің рөлі басым. Көптен бері айтылып жатқанымен, елімізде бұл салада олқылықтар аз емес», - деді Жансейіт Түймебаев.

Ол сондай-ақ Президентттің бос жатқан жерді мемлекетке қайтару жұмыстарына қатысты өз ойын: «Мұндай қараусыз, күтімсіз бос жатқан жерлер егіннің, малдың жайын білетін шаруаға тисе, бұл өз кезегінде қарапайым шаруаның еңбек етіп, тұрмысы түзелуіне оң әсер етер еді», - деп жеткізді.

Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, бүгінде Қазақ ұлттық университетінде ғалымдардан құрылған арнайы сарапшылар «Қаңтар оқиғасының» себеп-салдарына үңіліп, қоғамдағы түйткілді мәселелерге ғылыми-талдаулар мен арнайы әлеуметтік мониторинг жүргізуде.

«Эксперттеріміз құқықтық бағалау, модельдеу жұмыстарын жүргізіп, идеологиялық сипаттағы іс-шараларды өткізудің әдістері мен технологияларын, әлеуметтік-тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың әдістемелік нұсқауларын, алгоритмдерін қарастыруда. Осы мәселелерді жан-жақты талқылау мақсатында әр саланың білікті мамандарының қатысуымен университеттің YouTube арнасынан апта сайын қазақ, орыс тілдерінде «Ойталқы», «Мозговой штурм» бағдарламалары іске қосылды», - деді ол.

Президенттің студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты ректор бүгінде ҚазҰУ-да 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, жұмыс істеп тұрған 14 жатақхананы қайта жаңғыртып, жаңадан 6 жатақхана салу жоспарланғанын айтты.

Жолдауда айтылған «білім алуға жылдық өсімі 2-3% болатын жеңілдетілген несиеге» қатысты Жансейіт Түймебаев баласы ақылы бөлімде оқитын ата-аналарға немесе толық емес отбасылардан шыққан студенттерге бұл несие білім алып, маман иесі атануына жасалған жеңілдік екенін атап өтті.

Ол сондай-ақ қазіргі таңда қазақстандық жоғары оқу орындарының алдында отандық ғылыми-зерттеу нәтижелерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оларды коммерцияландыру және экономикаға енгізу мақсаты тұрғанын, келер жылы 4 есе көбейтілген ғылым саласына бөлінетін қаржының үлкен қолдау екенін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар