Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жанар-жағармайдың жетіспеушілігі қолдан жасалып отыр

None
None
АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жанар-жағармайдың жетіспеушілігі қолдан жасалып отыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің ақпараттық сүйемелдеу басқармасының бастығы Жандос Нұрмахамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарынан өзге  республиканың басқа өңірлерінде жанар-жағармай нарағындағы жағдай қалыпты. Аталған облыстарда жанармай нарығындағы жетіспеушілікті негізгі ойыншылар қолдан жасап отыр. Соның нәтижесінде бұл аймақтарда бұл мәселе жұртшылықты дүрліктіріп отыр», - Ж. Нұрмахамбетов.

Оның айтуынша, оңтүстік өңірлерде жанар-жағармай нарығындағы баға мәселесі бойынша өзара келісу фактісінің мүмкіндіктері де болуы ықтимал.

«Осыған байланысты монополиға қарсы орган мен қаржы полициясы бірлесіп жанар-жағармай сату нарығындағы міндеттерін орындамаған субъектілерге қатысты қосымша тексерулер жүргізіледі. Сонымен қатар бензинді талон бойынша сату агенттік тарапынан жетіспеушілікті қолдан жасау фактісі ретінде қарастырылады»,-деді ол.

Ж. Нұрмахамбетовтың сөзіне қарағанда, аталған заң бұзушылықтар түзетілмесе әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту шаралары қолданылады.

Соңғы жаңалықтар