Еліміздің оңтүстігінде Наурыз мейрамы қалай тойланады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақта наурыз айы - жаңа дәурен мен жақсылықты айшықтайтын әрі өткенді саралап, бүгінгіні бағамдайтын, табиғат-ананың оянып, тіршілік атаулының түлейтін кезеңі саналады. Көнеден келе жатқан Наурызнама дәстүрі бүгінде заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталып, мерекелік шаралар бірнеше күндерге жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әр өңірде әрбір күн өзіндік ерекшеліктермен есте қалып, халықтың мейрамды тойлауға ықыласы артуда. Ал, еліміздің оңтүстігіне көктем ерте келеді, тұрғындар да ұлттық өнерді айрықша қадір тұтады. Соңғы уақытта шым шаһарда жылдың басы Алғыс айту, Көрісу секілді дәстүрлерден басталды. Осы орайда қазақтың жыл басын тойлауда қандай жақсы дәстүрлері бар, оны дұрыс көрсете алып жүрміз бе? Наурыз мерекесінің ұлттық ерекшелігін айшықтауға не қажет деген мәселеге қатысты шымкенттіктер өз ойларын білдірді. Мәселен, қалалық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Тағаевтың пікірінше, қазақ ертеректе жыл басының келгендігін үйге кірген үттен байқаған.

«Халқымыз көшпелі ғұмыр кешсе де әрбір әрекетінің астарында үлкен мағына жатқан. Мәселен, наурыздың басы Көрісу мерекесімен басталған. Бұл қалың қардан бір-бірімен қатынаса алмай, қыс бойы әбден қиналғаннан кейін, көлік қатынайтындай уақыт келгенде «ел аман, жұрт тыныш па» деп бірін-бірі іздеуі. Ал, алғаш келген қонаққа арнайы сүрленіп сақталған шеке асы тартылып, тіпті, қырық жанмен саулық сұрасып, көріскен жандардың күнәсі төгіледі деп сенген. Сол сияқты киіз үйдің саңылау, тесігінен түскен күн сәулесінің тозаңдануын қазақ «үт кірді» деп есептейді. «Үт кірді, үйге құт кірді» деп қуанған. Наурызда дәстүрлі ойындар мен ас-тағамдар ұсыну тарихтан жалғасып келе жатыр. Дегенмен, бұл тойдың тағы бір қыры - қамқорлықтың, мейірімнің айы болған Наурызды қамқорлықпен қарсы алу. Бұл ретте ата-бабаларымыз ұлыстың кем-кетігін толтыру, аш-жалаңашын тойындыруды ұмытпаған. Әз-Наурыз мерекесін тойлап, қайырымдылыққа үндейтін дәстүрді де ұмыт қалдырмасақ, игілігі осы болар»,- дейді Жәнібек Тағаев.

Ал, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Қалыбекованың сөзінше, ата-балаларымыз қыс айының қаһарынан, жұтынан мал-жанын аман-есен шыққанына қуанып, Ұлыстың ұлы күнін тойлау 8-9 күнге ұласқан. Фольклортанушы ғалым әз - Наурызды ұлықтау отбасынан басталғанын айтады.

«Алдымен көктемгі күннің теңелуі қарсаңында жұрт үйлерін, қора-қопсысын, күнделікті қолданатын мүліктерін ретке келтіріп, жиһаздарын мұқият тазалаған. Қарыздарынан құтылған, ренжіскендер татуласқан. Өйткені, үлкендердің айтуынша, Наурыз үйге енген кезде барлық ауру-сырқау, жаманшылық атауы аулақ болуы тиіс. Ұлыс күні барлығы көңілді жүруге тырысып, бір-бірімен кездескенде құшақтасып амандасқан, ізгі тілектерді тілеп, жаманшылық болмасын, пәле-жала жерге енсін деген. Әр адам сәнді киініп, мүмкіндігінше жаңа киім киген. Ал күн мен түн теңесетін күні барлығы таңды бірігіп қарсы алған. Қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөздерге және басқа да жағымсыз істерге тыйым салынған. Демек мұсылман елінде Наурыз әдептілік, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді ұлықтайтын күн есебінде ерекшеленген. Тағы бір қызығы, Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінен ерекше бір гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны бірінші болып қой сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды деген. Мұндай күні тіршілік атаулының бәрі «әзден» кейін ғана ерекше күш-қуатқа ие болады. Сондықтан халқымызда «Әз болмай, мәз болма» деген сөз қалған»,- дейді педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Шымкенттік қолөнерші Болат Білісбеков болса, наурыз ол өнер адамдары сағына күтетін мейрам екенін айтады.

«Наурыз мейрамы ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрыптарымызға негізделіп, кең сахарада дүбірлете өткізетін той болған. Жаңа жылда тіршілік атаулы көктеммен бірге жаңарып, адамдардың таза әрі әдемі киініп, барлық зергерлік бұйымдарын тағынып жүруінің өзі неге тұрады? Бұдан бөлек киіз үйлеріндегі төсеніштері мен ыдыс-аяқтарын жаңартады. Осылардың бәрінде қазақтың қолөнершілерінің еңбегі мен қолтаңбасы жатқан. Қөлөнершілер Наурыз мерекесінде өздерінің шеберліктерімен жасалған бұйымдарын көрсетіп, бағаланатын уақыты да осы мерекемен тұспа-тұс келген. Сондықтан заман алмасып, уақыт жаңғырғанымен шебердің қажеттілігі, оларға деген сұраныс жоғалған жоқ. Күні бүгінге дейін әз- мерекенің ертерек келуін күтетін - осы қолөнершілер. Ал, Наурыздың басынан басталатын «Көрісу» секілді дәстүрлермен халықтың бір-бірін құттықтап жатуының өзі адамдардың мерекеге дайындығын еселендіреді екен. Ақ жаулықты апа-әжелеріміз қазірдің өзінде ағайын-туыс, көрші-қолаңға көктемге аман-есен жетіп, ағарғанға аузымыз жетті деген жақсы ырыммен Наурыз көжесін беретін күндерін белгілеуде. Сол себепті Ұлыс күнін тойлаудағы бүгінгі үрдістердің ешбір сөкеттігі жоқ. Оның әрқайсысы мән-маңызға ие»,- дйді Болат Білісбеков.

Соңғы жаңалықтар