Еліміздің қай өңірлерінде жұмыссыздар көп

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдың бірінші тоқсанында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Оның алдындағы тоқсанмен салыстырғанда көрсеткіш өзгерген жоқ, бірақ былтырғы бірінші тоқсанға қарағанда сәл төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Finprom.kz зерттеуіне сілтеме жасап.

Жұмыссыздар саны бір жылда 0,1% артып, 2023 жылдың бірінші тоқсанында 453,5 мың адамды құрады.

Айта кету керек, ауылдарда (4,9%) жұмыссыздық деңгейі қалаға (4,7%) қарағанда жоғары. Бұл ретте бір жыл бұрынғы жағдай өзгеріп отыр, яғни қаладағы (5%) жұмыссыздық деңгейі ауылмен (4,8%) салыстырғанда жоғары болды.

Қаладағы жұмыссыздар саны бір жылда 0,9% артып, 278,7 мың адамға жетсе, ауылда 1,2% азайып, 174,8 мың адамды құрады.

Қазақстан өңірлерінің жартысында жұмыссыздық деңгейі орташа республикалық деңгейден жоғары болды. Ең жоғары көрсеткіштер Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркелді: әрқайсысында 5 пайыздан болды. 20 өңірдің алтауында бұл көрсеткіш еліміз бойынша орташа деңгейден төмен. Ең төмені Қарағанды және Ұлытау облыстарында белгіленді, яғни бұл облыстарда 4,2% шамасында байқалды.

Қаладағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі 2023 жылдың бірінші тоқсанында Жетісу облысында (5,3%), сондай-ақ Абай және Жамбыл облыстарында (әрқайсында 5,1%) байқалды. Ең аз деңгейі Ұлытау (4%), Ақмола (4,3%) және Қарағанды (4,3%) облыстары қалаларында тіркелді.

Ауылдағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында болды – 5,5%. Одан кейінгі орында Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары (әрқайсысында 5,2%), сондай-ақ Ақтөбе облысы (5,1%) тұр.

Жұмыссыздықтың аз деңгейі Қарағанды облысының ауылдарында байқалды, яғни 3,7% шамасында. Одан кейінгі орындарда Павлодар (4,2%) және Абай (4,3%) облыстары.

Сонымен қатар әйелдер (5,4%) арасындағы жұмыссыздық деңгейі ерлерге (4,2%) қарағанда жоғары болды.

Өңірлік тұрғыда ерлер арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Қызылорда облысында анықталды – 5%. Одан кейінгі орында Атырау (4,9%.) облысы тұр. Осы ретте жұмыссыздықтың аз деңгейі Маңғыстау (2,4%) және Шығыс Қазақстан (2,8%) облыстарында байқалды.

Қазақстан өңірлерінде әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейі Қарағанды облысындағы 4,4%-дан Маңғыстау облысындағы 8%-ға дейін жетті.

Айта кету керек, ауылдағы ерлер (3,9%) арасындағы жұмыссыздық деңгейі қалаға (4,5%) қарағанда төмен болды. Өңірлер бойынша ерлер арасындағы ең көп жұмыссыздық Атырау (5,3%) және Ақмола (5,2%) облыстарының ауылдарында, ең аз деңгейі Абай (1,3%) және Маңғыстау (2%) облыстарында анықталды. Қалада ерлер арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Абай облысында (7,3%), ең азы Шығыс Қазақстан облысында (2%) белгіленді.

Бұдан бөлек, ауылда әйелдердің (6,1%) жұмыссыздық деңгейі қаламен (5%) салыстырғанда жоғары болды. Ауылда әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында байқалды – 9,9%. Одан кейінгі орында Абай облысы (7,9%). Ауылдағы әйелдер жұмыссыздығының ең аз деңгейі Павлодар облысында тіркеліп, 4,5%-ды құрайды. Қаладағы әйелдер жұмыссыздығының жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан облысында (6,9%), сондай-ақ Жетісу және Түркістан облыстарында (әрқайсында 6,3%), ал ең азы Абай облысында (2,6%) тіркелді.


Соңғы жаңалықтар