Еліміздің халықаралық қорындағы алтын үлесі 47 пайызға жуықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жалпы халықаралық қорындағы алтын үлесі 46,5 пайызға құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

«Өткен жылдың қорытындысында елдің жалпы халықаралық қоры 31 млрд долларды құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 15,1 пайызға көп. Оның 46,5 пайызын (14,4 млрд доллар) алтын құрайды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, осыдан бір жыл бұрын алтын үлесі небәрі 40,3 пайызды құрап, ал бес жыл бұрын 77,5 пайыз еркін конвертацияланатын шетел валютасы болды», - делінген жарияланған ақпаратта.

Мемлекет еліміздің алтын-валюта қорын тазартылған алтын құймаларымен толтыра отырып, Қазақстанда шығарылатын барлық алтынды сатып алуда.

Айта кетерлігі, республикада өндірілетін алтынның бір көлігі халыққа да сатылып жатыр. Мәселен, осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы салмағы 166,9 келі болатын 4 мыңнан астам шағын алтын құймалары сатылды. Өткен жылғы қараша айының соңынан бері валюта айырбастау орындарының да шағын алтын құймаларын сатуға мүмкіншілігі бар. Сол уақытта ұлттық банк салмағы 12-13 келі болатын алтын құймаларды сатылымға шығаратындығы белгілі болған еді. Оны жеке және заңды тұлғалар сатып ала алады.

Алтын құймаларын әлемдік нарықта да сатуға жол ашылып отыр. Ұлттық банк ағымдағы жылдан бастап бағалы металды коммерциялық сауда серіктестеріне сатуға дайын. Дегенмен, оның көлемі шектеулі, 5 тоннадан аспайды.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректеріне сәйкес, Қазақстанның алтын қоры 341,2 тоннаны (әлемде 15-орында) құрайды. Бұл 2017 жылдың соңындағы көлемнен шамамен 50 тоннаға, ал 2016 жылғы көлемнен 83 тоннаға көп.

Соңғы жаңалықтар