Еліміздің ғарыш саласы батыл қадамдарды қажет етеді

None
None
АНА. Шілденің   31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгінгі таңда әлемде 20-дан астам ғарыш айлағы бар екен. «Байқоңыр» айлағы солардың арасында ғарыш аппараттарын ұшыру бойынша да, коммерциялық ұшырылымдарды жүзеге асыру жағынан да жетекші орындарда тұр. Қазақстан бірегей бәсекеге қабілеттілік жағынан да басымдыққа ие, себебі біздің ғарыш айлағымыз әлемдегі космодромдардың ең ірісі саналады. Жер мен көктің арасын жалғаған  «Байқоңыр» ғарыш айлағының осы мәртебесін ары қарай ұстап тұруының мүмкіндігі қаншалықты?

 

  Жақында Астанада өткен Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында  ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков 2009 жылдың жоспары бойынша «Байқоңыр» айлағынан Ресей Федералдық ғарыш бағдарламасы, халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары мен коммерциялық жобалар аясында 42 ұшырылымды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Атап айтқанда, коммерциялық тапсырыстар бойынша 19 ұшырылым белгіленген. Бұның 12-сі «Протон» зымыран тасығышына, 4-і «Зенит», үшеуі «Днепр» зымыран тасығышына тиесілі.

Соңғы жылдары елімізде бірнеше рет құлап, қоршаған ортаға зиянды улы отынын төккен,  ауыр зымырандар санатына жатқызылатын «Протон» зымыран тасығышы коммерциялық ұшырылымдарда кеңінен қолданылып келеді. 1996 жылдан бері бұл зымыран тасығыш әлемдік нарықтағы коммерциялық тапсырыстарда алдыңғы орындарда тұғырланды.  Бүгінде коммерциялық ұшырылымдарды халықаралық ILS компаниясы (Интернейшнел лонч сервис) қамтамасыз етеді, яғни ол «Протон» зымыран тасығышы қызметтерінің маркетингін жүзеге асырып отыр.

 

  «Байқоңыр айлағы аталған зымыран тасығыштың жұмыс алаңы болып табылады десек те болады. Ол әр коммерциялық ұшырылым сайын 85 миллион АҚШ долларынан кем емес қаржы көлемінде табыс жасайды. ILS халықаралық компаниясының тек 2009 жылда «Протонның» коммерциялық ұшырылымдарына жасаған келісімшарттары 1 миллиард АҚШ долларынан асып түседі», - дейді М. Молдабеков.

 

   Ал Байқоңырдан ұшырылатын «Зенит» зымыран тасығышының коммерциялық бағасы  70 миллион АҚШ долларынан астам қаржыға бағаланады. Атап айтқанда, биылғы жылдың өзінде «Зениттің» ұшырылымдарын іске асырып жүрген «Халықаралық ғарыш қызметі» атты ресейлік-украиналық компанияның келісімшарттары  280 миллион доллардан асып түседі.  Сонымен бірге жеңіл классты «Днепр» зымыран тасығышы коммерциялық жоспарларды іске асыру бағытында 1999 жылдан бері пайдаланылып келеді. Бұл зымыран тасығыш РС-20 құрлықаралық баллистикалық зымыранының ұшырылымына икемделген.

 

       Айта кетейік, бұл зымыран Ресейдің жауынгерлік қорғанысының санатында тұр, осыған байланысты оны жыл сайын сынақтан өткізу қажеттілік етеді. «Днепр» зымыран тасымалдағышының ұшырылуына маркетингті,    келісімшарттарды халықаралық «Космотрас» компаниясы жасайды. Бұны ұшырудың коммерциялық әр тапсырысы 20 миллион АҚШ долларынан астам қаржыға бағаланады. 2009 жылдың барысында «Днепр» 60 миллион доллардан астам сомадағы қаржыға коммерциялық тапсырыстарды іске асырмақ.

 

    Жоғарыда аталған мәліметтерді келтіре отырып, әрине,  Ресейдің 115 миллион долларды «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алғаны үшін және жыл сайын айлақ нысандарының жұмысын қолдап отыруға 100 миллион доллар жұмсап тұруды тиімді санайтынын байқау қиын емес. Яғни, жыл сайын Байқоңыр арқылы  Ресей аталған зымыран тасығыштардың қызметі аясында 1,3 миллиард доллардан астам коммерциялық  жобаларға қатысады. Ал  ғарыш айлағын жалға алған кезеңде еліміздің бюджетіне 1,7 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы түскен.

 

   Осылай екен деп, түскен  қаржыға малданып отыра беруімізге болмайтын сияқты. Өйткені  қамсыз отыра берсек, көп ұзамай Байқоңырдың қазіргі әлеуетінен айрылып қалуымыз мүмкін. Бұған негіз де жоқ емес.

      «Біздің  тарапымыздан еш күш-жігер танылмаса, Қазақстанның бірегей бәсекеге қабілетті басымдығы мәңгілік сақтала бермейді. Мамандардың есебі бойынша ғарыш айлағындағы технологиялық құрылғылардың тозуы мерзімі 10  жылды құрайды. Осы орайда  бұл мерзімнің Ресей аумағында «Восточный» ғарыш айлағының құрылысымен сәйкес келуі тегін емес. Атап айтқанда, қалыптасқан жағдайда Қазақстан тарабы өзінің бірегей бәсекеге қабілетті басымдығын ары қарай сақтап қалуы жеке космостық бағдарламалар негізінде ғарыш айлағын дамыту мүмкіндігінде жатыр», - дейді М. Молдабеков.

   Оның сөзіне қарағанда, еліміздің жеке ғарыштық бағдарламалары халықаралық бағдарламаларға ықпалдасуға, отандық ғылыми әлеуетті тиімді пайдалануға, жеке өзіміздің ғарыш аппараттарының өндірісін құруға негізделуі тиіс.

     Осы аталған ұстанымдарды ретке келтіру, «Байқоңыр» айлағынан ұшырылатын тапсырыстарды өзіміз үшін тиімді етуге, сондай-ақ айлақты бұдан әрі сақтап қалып, оны дамытуға әбден мүмкіндік туғызады деген тұжырымды батыл айтуға болады.

 

      Жақында «Қазақ альманағы» басылымына берген сұхбатында «Қазақ қашан Байқоңырды өзі игереді?»  деген сауалға Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров: «Игеруге болады. Бұл қадамды жасауға намыс пен жігер жетіспей тұр. Түбі Байқоңырдан орыстар өз еліне кетеді. Жай кетпейді, олар бәрін бүлдіріп кетеді. Қазір мүмкіндік бар кезде өзге елдерден білікті мамандар шақыра отырып, бірден өз қолымызға алуымыз керек. Сонда ғана Байқоңыр қазаққа мәңгілікке қалады»,- деп жауап қайтарған.

      Сонымен бірге бүгінде ғарыш айлағы мәселесімен қатар көтеріліп жүрген отандық ғарыш аппараттарының өндірісін жетілдіру бағыты да еліміздің технологиялық әлеуетін арттырудағы басты желі саналады. Алайда бұл саладағы Қазақстанның алғашқы бастамасы, яғни ұшырылған «ҚазСат» жер  серігінің мүмкіндіктерін пайдалану бүгінде сәтсіз нәтижеге тірелді. Осы орайда Т. Әубәкіров бұл бағыттағы жұмыстарды бұдан әрі жалғастыра беру керектігін айтып отыр. «Қыруар ақша текке кетті деп жылай беруге болмайды. Ғарыш саласында мұндай шығындар бола береді. Енді «ҚазСатқа» тағы сондай 80 миллион доллар жұмсау керек. Қашан ғарышта Қазақстанның жақсы жер серігі болады, сол кезде біздің ел биік технологияға қол жеткізеді»,- деп түйіндеп отыр сөзін ғарышкер.

 

     Осы ретте айтарымыз, бүгінде еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына ықпал ету мақсатында ғарыш саласын жандандыру бағдарламасының жобасы аясында «ҚазСат-2» және «ҚазСат-3» байланыс пен хабар тарату спутниктік жүйелерін құру қарастырылған. Жобалардың өзін-өзі ақтауы, сәйкесінше 6 және 8 жылды құрайды. Ғарыш аппараттарын іске қосу арқылы жылдық орташа таза кіріс «ҚазСат-2»-ден 4 070 миллион теңге, «ҚазСат-3» жерсерігінен 5 793 миллион теңге болмақ. Атап айтқанда, тарифтерді төмендету есебінен қазақстандық байланыс және хабар тарату операторларының шығыстары 30 пайызға азайтылмақ.

     Ұлттық ғарыш агенттігінің мәліметіне сүйенсек, шетел спутниктерінің қызметтерін пайдаланғаны үшін 2009 жылы 34 миллион доллар төленетін көрінеді. Және бұл көрсеткіш жыл сайын 10 пайызға артатын болады.  Агенттік төрағасының орынбасары атап көрсеткендей,  негізінен бүгінгі таңда еліміздің отандық ғарыш саласында 2010-2014 жылдары бағдарламаның жобаларын жүзеге асыру үшін 110,5 млрд. теңге қажет. Аталған жобалар  кеткен шығынды 5 жылдың ішінде ақтайтын болады.

    Сондықтан«Байқоңыр» ғарыш айлағын техникалық жағынан жетілдіруді бүгін қолға алмаса, енді  10 жылдан кейін ол тек мұражайдың ғана күйін кешіп, өткен ғасырда салынған ең ірі космодром ретінде туристердің назарында ғана  қалмақ. Ғарыш саласын игеру бастамасы сапа жағынан әрі тиімділігі тұрғысынан сәтті жүзеге асуына барша Қазақстан жұртымен қатар, Орталық Азия өңірі де тілектес қана емес, мүдделі де болуы тиіс.  

Соңғы жаңалықтар