Еліміздің ең қайырымды және батыл азаматтары марапатталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» агенттігінің бірлескен «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы жалғасын табуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның мақсаты - қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту. Байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

«Біздің байқауымыз - «Қайырымдылық керуені» деп аталады. Байқаудың басты мақсаты - елімізде болып жатқан азаматтық бастамаларды қолдап, азаматтық және адамгершілік борышын өтеп жатқан ерекше тұлғаларды таныту және олардың істерін елімізге, жастарға насихаттау. Қараша айында байқаудың тұсаукесерін өткізген едік. Байқау еліміздің бүкіл аумағында өткізіліп жатыр», - деді Астана әкімдігінің баспасөз орталығында өткен жиында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.

2018 жылғы қарашадан бастап 2019 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде еліміздің барлық өңірінде байқауға қатысушыларды іріктеу жұмысы жүргізіледі. Байқау жеңімпаздарының есімдері ақпанның соңында - Алғыс айту күні (1 наурыз) мерекесінің қарсаңында белгілі болады.

Баспасөз мәслихатында «Астана қаласындағы іскер әйелдер қауымдастығының «Жас қанаттар» ұйымының басшысы Әсел Қапалова атап өткендей, лауреаттар бес номинация бойынша анықталады. Нақтырақ айтқанда, «Асар» номинациясы халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталса, «Туған жер» номинациясы білім беру, экология және көріктендіру саласында туған өлкеге көмек көрсететін адамдарға беріледі. Ал «Мейірім жолында» аталымына ерікті негізде және тегін көмек көрсететін, игі істер атқаратын адамдар ие болады. «Батыл жүрек» номинациясы ерлік іс жасаған, жанкештілік танытқан адамға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады. Ал «Қайырымдылық тарихы» номинация БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын қозғайтын, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аудартатын материалдарды жариялайтын журналистерге немесе шығармашылық ұжымға беріледі.

Конкурсқа кәсіпкерлік субъектілері және қайырымдылық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетін тұлғалар (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) қатыстырылмайды.

Соңғы жаңалықтар