Еліміздің экономикасының жаңа пішінге көшетін мезгілі жетті - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Алқалы жиында еліміздің экономикасының аяқ алысы жан-жақты қаралып, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорына берілген тапсырмалардың орындалу барысы егжей-тегжейлі қозғалды.

Елдің экономикалық жағдайы

Кеңейтілген отырыста ағымдағы жылдың 10 айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев негізгі баяндама жасап, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясындағы шаралардың және Үкіметтің 2015-2016 жылдарға арналған жедел шаралар жоспарының нәтижесінде есепті кезеңдегі экономика өсімі 1 пайызды құрағанын атап өтті. Сонымен қатар өсім көрсетіп отырған салаларын атап, өндіріс көлемі құлдыраған салаларды да тізіп шықты. Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан экспортының 42,5 пайызға, импортының 23,8 пайызға қысқарғанын, теңгенің әлсіреуі салдарынан жылдық инфляция осы кезеңде 9,4 пайызды құрап отырғанын айтты. Одан кейін экономикалық саясаттың негізгі шараларына тоқталып, оның 2 бағытқа шоғырланатындығын тоқталды.

«Бірінші бағыт - Жаңа құрылымдық экономика қалыптастыру. Бұл ретте басымдық бәсекелестік пен жеке капиталды дамытуға беріледі. Бәсекелестіктің жоғары деңгейі мен жеке сектордың басымдыққа ие болуы - ЭЫДҰ-ның дамыған елдерінің экономикалық жетістігінің негізі», - деді ол.

Оның айтуынша, бұл бағытта ауқымды жекешелендіру жүргізіліп, Yellow Pages Rules ұстанымдары енгізіледі. Сонымен қатар ЭЫДҰ елдері ұстанымдарына сәйкес монополияға қарсы реттеу ырықтандырылады. шағын қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты жандандыру арқылы институттық даму жалғастырылады. 2020 жылға қарай ІЖӨ құрылымындағы шағын және орта бизнес үлесін 30 пайызға жеткізуді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау шаралары бәсекелестікте басымдыққа ие кәсіпорындарға бағдарланады. Ал адами капиталды дамыту мақсатында әлеуметтік атаулы көмектің жаңа форматы, 2017 жылдан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі. Мұнан бөлек, еліміз 12 жылдық білім беруге көшіп, жоғары білім беру саласында реформалар жүргізіледі.

«Макроэкономикалық тұрақтылық Үкімет пен Ұлттық банктің келісілген ақша-несие және салық-бюджет саясатын жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Орта және ұзақмерзімді перспективадағы ақша-несие саясатының басты мақсаты - баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляцияны бақылау», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, несиелеу көлемін 1 пайызға өсіру ІЖӨ-ның шынайы өсімін 0,12 тармаққа арттырады. Ал 2016 жылғы жоспарланған өсім қарқынына қол жеткізу үшін шынайы экономикадағы несие көлемі қазіргі деңгейден кемінде 15 пайызға немесе 1,7 трлн. теңгеге көбеюі тиіс.

«Екінші бағыт - экономика өсімі мен несиелендіру бойынша дағдарысқа қарсы шараларды ынталандыру. Өндірістің құлдырауына жол бермеу мақсатында Үкімет 2015-2016 жылдардағы экономика өсімін қамтамасыз ету бойынша жедел шаралар жоспарын жүзеге асыруда»,- деген Е.Досаев өз сөзінде 2015 жылға қарастырылған қаржының толық көлемде игерілетіндігін атап өтті.

Жаңа кәсіпорындар экономика өсіміне сүбелі үлес қосуда

Еліміздің индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы мәселесіне тоқталған ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев: «Қазіргі таңдағы күрделі эко­номикалық жағдайға байланысты біздің ведомство екі жұ­мыс бағытын қолға алуда. Оның біріншісі - «Нұрлы Жол» бағ­дар­ламасы аясында көлік блоктарын жүзеге асыру, екіншісі - Ин­дус­триялық-инновациялық бағдар­ламаны одан әрі жалғастыру, яғни өндірістік кәсіпорындарға қол­дау көрсету. Бүгінде «Нұр­лы Жол» бағдарламасы аясын­да инфрақұрылымдық бағдарла­ма­ларды кеңінен жүзеге асыру жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, барлық жобалар алдын ала белгіленген мерзімге сәйкес жүргізілуде. Мәселен, көліктік жобаларға 100 мыңға жуық адам тартылған. Алдағы уақытта, яғни 2 жыл ішінде тек қана осы көліктік жобаларға қамтылатын азаматтар саны 200 мыңға жетеді деп отырмыз», - деді.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстанның жаңа кәсіпорындары 1 триллион теңгенің өнімін шығарған. «Бірінші бесжылдықта басымдыққа ие болған басым секторлар дәл осы дағдарыс кезеңінде өсім көрсетіп отыр. Түсті металлургия, құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі және басқалары да өсім көрсетуде. Бұл ретте жаңа кәсіпорындар үлкен рөлге ие. Олар ағымдағы жылдың 9 айында 1 трлн. теңгенің өнімін шығарды. Олардың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі тұрақты өсім көрсетуде және шамамен 15 пайызды құрайды», - деді Ә.Исекешев.

Министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың қорытындысында елімізде жалпы инвестиция көлемі 800 млрд. теңгені құрайтын 120 жоба іске қосылмақ. Оның 11-і машина жасау және металлургия, 7-еуі мұнай химиясы және химия, 4-еуі фармацевтика салаларындағы жобалар.

«Самұрық-Қазына» тиімді индустриалды-қаржылық холдингке айналады

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев қордың белсенді инвестор моделіне көшкенін жариялап, жаңа құрылымымен таныстырды. «Жаңа модельдің басты үш функциясы мынадай: қолда бар активтерді оңтайландырып, олардың тиімділігін арттыру; елімізде жаңа тұрақты индустрияларды дамыту; қор мен еншілес компаниялардың потенциалы мен қазіргі нарықты ескере отырып, әрқайсысына ұтымды стратегия әзірлеу», - деді ол.

Оның атап өтуінше, трансформация аясында «Самұрық-Қазына» мобильді және тиімді индустриалды-қаржылық холдингке айналады. Ол келешекте активтердің екі түрін басқармақ. Алғашқысы - стратегиялық маңызды салаларда (мұнай, уран, инфрақұрылым) қызмет ететін қорға тәуелді немесе акцияларының бақылаушы пакеті қор иелігіндегі негізгі тірек компаниялар. Екіншісі - құрамы тұрақты түрде жаңарып отыратын дамушы компаниялар топтасқан, коммерциялық активтер. Бұл жағдайда осы коммерциялық портфельден барынша мол экономикалық қосымша құн, яғни EVA алынады деп болжанды.

«Біз 2020 жылға дейін барлық еншілес компанияларды оң EVA көрсеткіштеріне жеткізу міндетін жүктеп отырмыз. Алайда қазір мұндай нәтижеге тек «Эйр-Астана» компаниясы қол жеткізе алды»,-деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы шығындарын 519 млрд. теңгеге қысқартқан болатын. Бұл қадам қаржылық көрсеткіштерді айтарлықтай жақсартып, шығынға ұшырамауға сеп болды. Ал жыл қорытындысында 300 млрд. теңге кіріс түседі деп күтіледі. Мұнан бөлек, 2015-2019 жылдарға жоспарланған жобалар қайта сараланып, инвестициялық жобалар жалпы сомасы 633 млрд. теңгеге оңтайландырылды. Бұл ретте ҮИИД МБ, «Нұрлы жол» және «EXPO-2017» жобалары қордың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Оларды жүзеге асыру жалғасады. Жыл соңына дейін 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 6 мың 800 жұмыс орны ашылмақ. Ал 2016-2017 жылдары жалпы сомасы 17,6 млрд. долларды құрайтын 26 жоба жүзеге асырылады. Оларда 45 мың жұмыс орны ашылады. «Барлық бұл бастамаларды қор трансформацияның алғашқы табыстары деп біледі. Мақсат барлық қызметкерлерді ортақ іске жұмылдырып, қомақты нәтижелерге қол жеткізу», - деп сөзін түйіндеді Ө.Шөкеев.

Мұнай бағасы 40 доллардан төмендесе, теңге бағамы түзетіледі

Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев ағымдағы жылғы инфляция деңгейіне қатысты ойын білдіріп, теңгенің бағамына қатысты болжамын айтты. Сондай-ақ ол ел экономикасын долларсыздандыру халық есебінен жүргізілмеуі тиістігін баса атап көрсетті. «Ағымдағы жылы инфляцияның жоспарланған 6-8 пайыздық дәлізі көтерілетін сияқты. Қазіргі уақытта, қазан айының соңында инфляция жылдық мәнде 9,4 пайызды құрады», - деді Ұлттық банк төрағасы. Оның атап өтуінше, 2005 жылдың тамызында еліміздегі инфляция деңгейі 5 пайыздан төмен болған еді. «Бұл жағдайлардағы біздің қазіргі міндетіміз тұрақты инфляцияны қамтамасыз ету және 2016 жылы оны барынша тезірек 6-8 пайыздық дәлізге келтіру деп санаймыз. Бұл бағытта біз Үкіметпен бағалардың болжамды деңгейіне қайта оралуы үшін зор жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз», - деді Д.Ақышев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта теңгенің ресейлік рубльге паритеті нақты ағымдағы көрсеткіші есебі арқылы, яғни, инфляцияны ескере отырып қол жеткізілген. «Яғни, біз 2014 жылдың басындағы мұнай бағасы құлдырап, ресейлік рубль девальвацияға ұшыраған кезге жеттік. Таяу аралықта бағамның айтарлықтай өзгеріске ұшырай қоюы неғайбыл. Теріс сценарийлердің басым бөлігі орын алып болды. Яғни, мұнай бағасы екі еседен астамға құлдырады, рубль құны түсті», - деді ол.

Оның атап өтуінше, таяу аралықта сыртқы конъюнктураның айтарлықтай нашарлауы байқалып отырған жоқ. Сондықтан Ұлттық банк теңге бағамы түзіліміне ықпал етпейтін болады. «Біз іргелі трендтерге араласпайтын боламыз. Яғни, егер мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмендейтін болса, онда бағам түзетілетін болады», - деген Д.Ақышев мұндай жайт орын алғанның өзінде де айырбас бағамының күрт әлсіреуіне не болмаса нығаюына жол бермейтіндіктерін баса айтты. «Біз қоғамға нарықтағы ахуалды түсіндіретін боламыз. Бұған қоса, ағымдағы жағдайда айырбас операцияларынан алаяқтық табыс алудың өзі күдік тудырады. Тіпті, ұтылып қалуға да болады», - деп қосты Ұлттық банк төрағасы.

Барлық өңірдегі ахуал үшін жеке жауапкершілік әкімдер мен Үкімет мүшелерінің мойнында болады

Үкіметтің кеңейтілген отырысын қорытындылаған Мемлекет басшысы қалыптасқан экономикалық жағдайда оған бейімделуге және әрі қарай дамуға қажетті мүмкіндіктерді табу маңызды екенін атап өтті. «Бүгінде мемлекеттік шығыстар 1,5 триллион теңгеге қысқарды және ол ауыртпалықсыз жасалды. Бюджеттің кіріс бөлігіндегі қиындықтарға қарамастан, мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер уақтылы орындалуда. Бұл өте маңызды», - деді ҚР Президенті.

Н.Назарбаев күрделі жағдайда да Үкімет пен өңірлердің әкімдері экономикалық өсімді ынталандыру, жұмыспен қамту және халықтың кірістерін қолдау үшін резервтер қарастыруы тиістігін атап өтті. «Үкіметтің дағдарыстық құбылыстарды еңсеру жөніндегі қалыптасқан амал-әдістері мен тетіктері бар екенін білемін. Биылғы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау және үшжылдық бюджет өлшемдерін өзгерту жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын мен қолдадым. Біз бүгінде әлеуметтік маңызы бар көптеген тауар түрлері бағасының өсіп жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдер аса қажетті тауарлар бағасының мониторингін жүргізу жұмысын жандандыруға тиіс, егер қажет болса, халықтың әлсіз топтарына атаулы әлеуметтік көмек арқылы қолдау көрсету керек», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті бағаны ұстап тұру іскерлік ахуалды нашарлата отырып, бизнеске қысым жасау тетігіне айналмауға тиістігіне назар аударды. «Бағаның дәлелді түрде арттырылуы мен пайда табу мақсатында өсірілуін айқын ажырату қажет. Тауардың шынайы нарықтық бағасы болуға тиіс. Аса қажетті тауарларға қатысты алыпсатарлыққа жол бермеген жөн. Барлық өңірдегі ахуалды қадағалап отыру керек. Ең алдымен, бұл үшін жеке жауапкершілік әкімдер мен Үкімет мүшелерінің мойнында болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жиын соңына қарай Мемлекет басшысы барлық бағыт бойынша нәтижелі жұмыс талап етілетінін айрықша атап өтті. «Біздер үшін істеріміздің ар жағында нақты нәтижелер, нақты пайда және қоғамның игіліктері тұратын жаңа кезеңі басталды. Үкіметтің әр мүшесі мен әрбір еңбеккердің қызметі осылай бағаланатын болады. Іс-қимылды, реформалардың және еліміздің экономикасының жаңа пішінге көшуінің мезгілі келді», - деді Қазақстан Президенті.

Соңғы жаңалықтар