Еліміздің екі өңірінде 15 адам қолдан жасалған алкогольден уланып, қайтыс болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде 15 адам қолдан жасалған алкогольден уланып, қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның екі өңірінде полиция адам өлімі фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қостанай облысының Арқалық қаласында 3-4 шілде күндері «этанолдың уытты әсері» диагнозымен 13 адам жансақтау бөліміне жеткізіліп, кейін оның 11-і қайтыс болған. Осы уақытта Ақмола облысы Жақсы ауданының Жаңа-Қима кентінде 4 адам көз жұмған. Өлімнің болжамды себебі - жалпы уыттану салдарынан пайда болған геморрагиялық панкреатит» деп атап өтеді ведомстодан.

Министрлік мәліметінше, қаза болғандар 5 литрлік пластикалық бөтелкеге құйылған алкоголь өнімінен уланған. Тергеу барасында 4 шілде күні Ақмола облысында құймалы спирттік ішімдік шығаратын цех анықталды. Полиция қызметкерлері үш күдіктіні анықтап, ұстады. Олардан сатуға дайындалған өнімнің бір бөлігі тәркіленді. Алайда күдіктілер өнімнің басым бөлігін сатып үлгерген. Бұл адам өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.

«Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарды пластикалық ыдысқа құйылған, заттаңбасы жоқ, белгісіз алкоголь өнімдерін сатып алмауға және сақ болуға шақырады. Қауіпті өнім жасырын немесе базарларда сатылуы мүмкін. Оларды сату орындары туралы білген жағдайда жақын жердегі аумақтық полиция бөлімшесіне немесе 102 және 112 телефондарына дереу хабарлауыңызды сұраймыз» дейді ҚР ІІМ баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Арқалық қаласында 11 адамның этанолдан уланып көз жұмғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар