Еліміздің екі қаласы карантинге жабылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің аймақтарында карантин талаптары күшейіп келеді. Оған коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар санының еселеніп артуы себеп. Қауіпті індеттің екінші толқыны тарайтынын ақ халаттылар ала жаздай айтып, жұртты мейлінше сақтық шараларын ұстануға шақырғанмен құлақ аспағандар көп-ақ. Тығылып той жасағандар мен топталып жиын-кештер өткізген жұртқа қанша айыппұл арқалатқанмен сабақ болмады. Бұл да індетті есігімізден енгізіп алуымызға жол ашты. Медицина маскасын иекке қарай итере салып, өзгені емес, өзін алдап жүргендер қаншама. Хош, осы аптада эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, карантин талаптары күшейген өңірлерге тоқталайық, шолып көрейік.

Петропавл карантинге жабылады

Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдай күрделі. Петропавлдағы инфекциялық стационарларда 276 науқас емделіп жатыр. 16 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес карантин талаптары күшейтіліп, Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы 9 қарашада карантинге жабылатын болды. Қалаға кедергісіз кіріп-шығатын кәсіпорындардың тізімі жасалып жатыр. Азық-түлік пен медициналық препараттарды тасымалдайтындар еркін жүру үшін жасыл дәліз ұйымдастырылады. Олар ПТР тест анықтамасынсыз бөгет бекеттерден өте алады. Ірі сауда орындарының жұмыс уақыты да қысқарады. Демалыс күндері қоғамдық көлік тоқтап, бірқатар нысандар жабылады.

Қостанай қаласы екі аптаға жабылады

Эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты Қостанай қаласы екі апталық карантинге жабылатын болды. Бұл өңірдегі жедел штаб отырысының қабылдаған шешімі. Қазір қаулы әзірленіп жатыр. Алдағы дүйсенбіден бастап облыс орталығы әр жерден блок-бекеттермен қоршалады. Індет жұқтырушылардың күн сайынғы өсімі 10-нан асқан елді мекендерде де санитарлық бекеттер қойылады. Бұдан былай қолында ПТР анықтамасы жоқ азаматтар облыс аумағына кіре алмайды. Кешкі сағат 9-дан таңғы 6-ға дейін тұрғындардың жүріп тұруына шектеу қойылды. Сонымен бірге такси мен автобустардың қатынау уақыты қысқарады. Бұған дейін жұмыс істеп келген сұлулық салондар, шаштараздардың қызметі жексенбі күні тоқтатылады.

Шығыс «қызыл аймаққа» енді

Шығыс Қазақстан облысы коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі бойынша әлі де алда тұр. Аймақта әуе және теміржол рейстері қысқартылып, санитарлық бекеттер қойылса да, жағдай күрделі күйінде қалып келеді. Қазір өңір «қызыл аймаққа» еніп отыр. Соңғы тәулікте елімізде 591 адамнан қауіпті дерт анықталса, соның 250-і Шығыс Қазақстан облысында. Вирус жұқтырған 91 адам Өскемен қаласында, 42 адам Семей қаласында тіркелген. Шалғайдағы қалалар мен елді мекендер арасында Риддер қаласы мен Глубокое ауданы көш бастап тұр. Бір тәулікте 30-дан астам адам инфекция жұқтырыпты. Бүгінгі таңда аймақта 689 адам стационарда емделіп жатыр.

Алматы облысында карантин шаралары күшейтілді

Аймақтың Шығыс Қазақстан облысымен шектесетін жеріне санитарлық бекет қойылды. Қоғамдық тамақтану орындарына баратын адам саны шектелді. Компьютерлік клубтар, жабық кешендегі аттракциондар, бильярд, боулинг орталықтары секілді көңіл көтеру орындары жабылады. Мәдени-спорттық, жанұялық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Қоғамдық көліктер таңғы 06:00 мен 10:00 және кешкі 17:00 мен 20:00 аралығында жүреді. Аймақ тұрғындарының көпшілік орындарда маска тағып жүруі мен үш адамнан артық жиналмауларына қатысты талап күшейтілді. 65 жастан асқан азаматтардың көшеге шығуына шектеу қойылады.

Павлодарда блокбекеттер қойылуы мүмкін

Павлодар облысында жаңадан 70-ке жуық адам коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Сондықтан карантиндік шаралар туралы қаулыға өзгерістер енгізілген. Қала маңындағы жолаушылар тасымалынан басқа қалааралық және ауданаралық автобустар тоқтатылады. Театр, музей, кітапханалардың, діни нысандардың қызметіне уақытша тыйым салынады. Карантин кезінде барлық жиналыстар мен отырыстар онлайн режимге ауыстырылады. Облыс орталығында сенбі, жексенбі күндері қоғамдық көліктер қатынамайды. Ірі сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары, жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайтын өнеркәсіптік сауда орындарының жұмыс уақыты қысқарады. Карантиндік шектеулер алдағы дүйсенбіден бастап күшіне енеді. Жағдай ушықса, блокбекеттер қойылуы мүмкін. Барлық карантиндік шектеулер қарашаның 9-ынан бастап күшіне енеді.

Індетке шалдыққандардың бәрі зейнеткер

Батыс Қазақстан облысында да бір күнде 49 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Әсіресе ауыр жағдайдағы науқастар саны артқан. Қазіргі таңда 10 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Қауіпті індетке шалдыққандардың барлығы зейнет жасындағы адамдар. Өңірде бірқатар шектеу енгізілген. Демалыс күндері облыста сауда үйлері мен базарлар жұмыс істемейді. Орал қаласының санитарлық бас дәрігерінің қаулысымен 65 жастан асқан азаматтарға себепсіз сыртқа шығуға тыйым салынған болатын. Енді бүгіннен бастап сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жеке көлікпен жүру де тоқтатылатын болды.

«Той жасамаңдар, тойға бармаңдар, елдегі эпидемиологиялық ахуал түзелгенше шыдаңдар» деген үндеу мен шектеуге пысқырмайтындар айыппұлдан да қаймықпайтын сияқты. Өзгенің өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін түйсінбеудің соңы өкінішке апарады. Ағайынның көңілін қалдырмаймын деп осындай тойға барып вирус жұқтырған талай адам өмір мен өлім арасында арпалысып жатқанын түсінбейтін жұртқа не дауа? Күні кеше ғана шектеулерге қарамастан Қызылорда облысында үйлену тойын жасаған 19 дерек анықталды. 17 отбасы тойды өз ауласында, ал екеуі мейрамханада өткізген. Той жасаған жеке тұлғалар 800 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандар да санитарлық талаптарды сақтамаған болып шықты. Биыл 5 шілдеден бері Қызылорда облысында арнайы топтар 3 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанға тексеру жүргізген. 804 карантин талаптарын бұзу дерегі тіркеліп, оларға 40 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Сауда орталықтары, дәмханалар, кафелер қатаң санитарлық ережеге салақтық танытқан. Барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Әлемдегі қуатты мемлекеттер дәрменсіздік танытып отырған мына қауіпті вирус және оның салдары жеңіл болмайтыны анық. Қазақстан сияқты дамушы елдердің бизнесі баяулайды, табысы төмендейді, экономикасы есеңгірейді. Ал, адам шығыны орны толмас өкініш. Сондықтан, сақтанайық ағайын. Жақыныңызға жанашыр болыңыз, өз өміріңізді ойлаңыз.



Соңғы жаңалықтар