Еліміздің бүкіл мешіттерінде мерт болғандардың рухына құран бағышталып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін - елімізде жалпыұлттық аза тұту күні. Осы орайда ел аумағындағы барлық мешіттерде жаппай ереуіл кезінде қаза болған жандардың рухына құран бағышталып жатыр. Бұл туралы Қазақстан мұсылдандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін еліміздегі бүкіл мешіттерде тәртіпсіздік кезінде мерт болған жандардың рухына құран оқылып жатыр. Яғни құрбандардың рухына арнайы хатым құран бағыштап жатырмыз. Алла тілек-ниетімізді, дұғамызды қабыл етсін. Өткен жылы желтоқсан айында 2022 жылдың жұмыс жоспарын жасаған кезде жыл бойы күн сайын құранның бір хатымын оқып отыру туралы бекіткен едік. Бүгін ел аумағындағы барлық мешіттерде оқылып жатқан құран мен дұға мынау елдегі жайсыздықтың құрбаны болған марқұмдардың рухына бағышталып отыр. Олардың арасында отан қорғау жолында шейіт болғандар да бар, одан бөлек, жазатайым мерт болған бейбіт, кездейсоқ тұрғындар да бар. Алла біз бағыштаған құран, дұға, тілек, ниетті қабыл етсін», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұған дейін елордадағы «Әзірет сұлтан» мешітінде жаппай ереуіл кезінде қаза тапқан марқұмдардың рухына құран бағышталғанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, бүгін - Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні.


Соңғы жаңалықтар