Еліміздің батысында «Бекіре» балық қорғау акциясы басталды

None
Фото: gov.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін еліміздің батысында «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың айтуынша, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы 1 сәуірден 31 мамырға дейін жалғасады.

«Табиғат және құқық қорғау органдарының қызметкерлері балықтардың, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын жерлерге қоныс аударуын қамтамасыз ету үшін заңсыз аулау мен айналымына қарсы іс-қимыл бойынша күш біріктіреді.

Балық қорғау іс-шараларының тиімділігін арттыру үшін экология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрлері мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы «Бекіре-2023» балық қорғау акциясын өткізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Осы бұйрықпен балық қорғау акциясын өткізу кезінде құқық және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ акция кезінде бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Үйлестіру штабына басшылық жасау Балық шаруашылығы комитетіне жүктеліп отыр», - деп хабарлады Аян Бахиянов.

Оның айтуына қарағанда, акция аясында браконьерлік фактілері жиі байқалуы ықтимал аумақтарда жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылған. Осы орайда, негізгі күштер мен құралдар Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігінде шоғырланған. Акция кезінде әуежайларда, вокзалдарда мен автотрассаларда балық өнімдерін әкетуге бақылау күшейтілген.

«Мемлекет басшысының Каспий теңізіндегі браконьерлікке қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасы бар. Осы тапрсырманы орындау мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі 2023 жылғы 1 наурызда Жайық-Каспий бассейні акваториясында браконьерлікке қарсы күрес жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті. Бүгінге дейін бұл жоспар шеңберінде Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 129 дерегі анықталды. Заң бұзушыларға қарсы 2 қылмыстық іс қозғалып, 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 500 келіден астам балық, оның ішінде 184 келі бекіре, балық аулауға тыйым салынған 186 құрал алынды», - деп мәлім етті Аян Бахиянов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрынАтырау облысында ГАЗель жүргізушісі 400 келіден астам бекіремен ұсталған болатын.


Соңғы жаңалықтар