Еліміздің аймақтарында бүркітшілер орталығы ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің аймақтарында бүркітшілер орталығы ашылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы туралы баяндаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«23 қаңтар күні Тұңғыш Президент жастармен кездесті. Сол жерде ұсыныс-тілектерін білдірген жастардың сөзін тыңдады әрі ол ұсыныстарға назар аударды. Қазір жастар жылын өткізуге қатысты Жол картасы қабылданған. Алайда кездесуден кейінгі жастардың ұсыныстары ескеріліп, жаңа 5 бастама қосылып отыр. Бірінші - Білім және ғылым миинстрлігімен бірлесіп, «Өзіңді тап» жобасын іске қосу. Бұл жас қазақстандықтардың кәсіптік бағдарын анықтау мақсатында жүзеге асырылмақ. Яғни, жастарымызға өзі қызығатын дұрыс мамандық таңдауға бағыт беру», - деді министр.

Екіншіден, оның айтуынша, еліміздің аймақтарынан бүркітшілер орталығын ашуға байланысты шаралар қабылданады.

«Асқар Ұзақбайұлы, өзіңіздің де есіңізде болар, Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде қазақтың атын әлемге танытып жүрген Айшолпан есімді бүркітшы қыз орталық ашуды ұсынған еді. Жаттығу орталықтарын ашып, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіп қана қоймай, Мәденит және спорт министрлігімен бірлесіп, жұмыс жүргізу жоспарланған. Осылайша ұлтымыздың көне өнерін Қазақстандағы этнотуризмнің маңызды әрі ажырамас бөлшегіне айналдыру көзделіп отыр», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, үшіншіден жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, өзін-өзі қорғау жөніндегі тегін шеберлік сыныптарын өткізу, жастарға арналған спорттық клубтарды дамыту бойынша тиісті шаралар қабылданады. Төртіншіден - Білім және ғылым министрлігімен бірігіп, «Студенттік бастама» деп аталатын жалпы республикалық еріктілер қозғалысы және жас еріктілер базасын құрылмақ. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, жетімдер мен жалғыз басты үйсіз-күйсіз адамдарға көмек көрсету мақсат етіліп отыр.

«Бесіншіден медиа саланың келешегінен үміт күттіретін жас өкілдерін тарта отырып, Қазақстанның ұлттық брендін алға жылжытуға бағытталған жаңа құралдарды құру жоспарланған. Қазірдің өзінде біздің спортшыларымыздың, өнер саласы адамдарының жеткен жетістіктері де еліміздің оң имиджін қалыптастыруға түрткі болып отыр», - деді Д.Абаев.

Соңғы жаңалықтар