Еліміздің Ата заңының қабылдануына Қазақстан халқы Ассамблеясы да сүбелі үлесін қосты - Мәжіліс депутаты В.Киянский

None
None
Л. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Бұдан он төрт жыл бұрын еліміздің Ата заңының қабылдануына Қазақстан халқы Ассамблеясы да сүбелі үлесін қосты.

 Өйткені оны ел болып талқылау кезінде Ассамблея мүшелері белсене қатысты. Сондықтан бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Конституцияда олардың да ұсыныс-пікірлері толық ескерілген деп білеміз. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Виктор Киянский осылай дейді.

  -Қазақстан Конституциясы - күллі халықтың арман-сенімін, мақсат-мұратын, ой-еркін білдіретін ең басты құжат. Темірқазықтай тапжылмайтын, бүкіл ел соған қарап бағыт түзейтін жарық жұлдыз. Қазіргі таңда Парламент құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің енгізілуі де осы Ата заң идеяларының өміршеңдігін дәлелдейді. Шын мәнісінде республикада көптеген ұлттардың тату-тәтті тұрып жатуы, олардың өкілдерінің заң шығару ісіне тікелей қатысуы - түптеп келгенде, Қазақстанның бірегей даму жолына нық түскенін айғақтайды. Тұтастай алғанда, Ата заң қазіргі заман талабына толық сай келеді. Сонымен бірге оны халықаралық қауымдастық мойындап отырған үздік құжаттардың бірі деп айтуға болады. Себебі Қазақстан Конституциясы көптеген елдердің  құжаттарын ескере отырып, жасалды. Оның бұдан былай да жетілдіріле берері сөзсіз.

Осынау мемлекеттік мерекенің жыл сайын Парламент сессиясының ашылуымен тұспа-тұс келуінің де мәні бар. Өйткені Мәжіліс пен Сенатта талқыланып, кейін Елбасымыз қол қоятын заңдардың бәрі осы Конституциядан бастау алады, оның аясынан шығып кетпейді.

 -Виктор Владимирович, бүкіл әлемді жайлаған дағдарыс елімізге қалай әсер етті деп ойлайсыз?

-Әрине, мұның әсері сезілмей қалған жоқ. Дегенмен біз бұл тығырықтан табыспен шығып келе жатырмыз деп ойлаймын. Мұның басты себебі алдын ала қам жасай білуімізде. Бұрынғы Кеңес Одағы елдері ішінен бірінші болып, өз іс-жоспарымызды құрып, күні бұрын стратегиямызды дәл айқындап алдық. Президентіміздің бастауымен жаңа жоба-бағдарламалардың жүзеге асуы біздің бағытымыздың дұрыстығын көрсетеді. Ең бастысы, бірлігі мықты ел ғана қандай қиындықты да жеңіп шығатынын ұмытпауымыз керек.

  -Бет-бағдарды айқындап алу бар да, одан абыроймен өту бір басқа ғой. Бұл орайда аймақтарда не тындырылып жатыр, оған депутаттардың ықпал етуі қандай деңгейде деп есептейсіз?

-Өзіміз «Нұр Отан» партиясынан сайланғандықтан, елдегі барлық басты оқиғалардың ортасынан табылуды мақсат етеміз. Табылып қана қоймай, атқарылып жатқан жұмыстарға партиялық бақылау орнату - міндетіміз. Бұл ретте біз қайда сапар шекпейік, халықпен етене кездесіп, көңіліндегісін білуге тырысамыз. Бұл жолы да Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында, Орал қаласында болып, елмен пікірлестік. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде мұң-мұқтажын айта келген тұрғындармен де жүздестік. Парламентте қабылданған заңдардың іс жүзінде қалай орындалып жатқанын көзбен көрудің өзі жұмысымыздың бір нәтижесі іспеттес. Сол секілді «Жол картасының» жергілікті жерде жүзеге асырылу барысымен таныстық. Базардағы бағаның нарқы, мектеп, кітапхана, мұражайлардың жай-күйі де ұмыт қалған жоқ. Меніңше, депутат үшін екінші кезектегі мәселе болмайды. Мұның бәрі келелі ой түйіп, алдағы жұмысымызды жоспарлауға жәрдемдеседі. Қысқасы, әр депутат елге келген сайын жаңа жүк арқалап кетеді.

Бұл орайда біздің мақсатымыз ортақ, облыс басшылығымен бірлесе отырып, өңірдегі аса маңызды жобаларға республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне ықпал етеміз. Сол қаражаттың мақсатты да тиімді жұмсалуын қоса қадағалаймыз. Онсыз жұмыс бітпейді, көздеген межеге ешкім жетпейді. Батыс Қазақстан облысы үшін тындырылған іргелі істерге тоқталсақ, ең алдымен қазір құрылысы аяқталып келе жатқан Жаңақаладағы ауданаралық сауықтыру орталығын тілге тиек етер едім. Мұнда енді көп ұзамай елу жылдай уақыт бойы «Капустин Яр», «Азғыр» полигондарында жасалған әскери сынақтардан өлшеусіз зардап шеккен Нарын өңірінің тұрғындары алысқа сабылмай, емделе алады. Екіншіден, Оралдағы «Зенит» зауытының кеме жасаудағы тынысы ашылып келеді. Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде халықаралық сапа талаптарына сәйкес жұмыс жасайтын зауыт су ығыстырғыштығы 200 тоннаға дейін жететін кемелер жобасын жүзеге асырды. Ендігі міндет - инновация негізінде жобаларды жетілдіре отырып, бұдан да мықты, бұдан да жылдам, тек Қазақстан ғана емес, басқа да елдерде бәсі жоғары бола алатын теңіз көліктерін жасап шығару. Мұның ең алдымен еліміз үшін маңызы зор. Өйткені біздің өз теңізіміз бар, сондықтан ондағы шекараны ойдағыдай күзете алатын қазіргі заманғы жүрдек кемелердің қажеттігі айдай анық. Үшіншіден, Батыс Қазақстандағы жол мәселесі көптен алаңдатып келеді. Бұл мақсатқа біраз қаржы бөлінді де, бірақ оның игерілуі көңілдегідей болмады. Сондықтан берілген қаражатты көздеген мақсатқа жұмсай алатын күш-әлеуеті жоғары жол құрылысы ұйымдары да ауадай керек.

Мәжілістегі экология және табиғат пайдалану жөніндегі комитет мүшесі ретінде бұл саладағы мәселелер де үнемі назарымызда. Жаңа экологиялық стандартты енгізу, аудит негіздерін түзудің өзі біраз білім-білікті, қажыр-қайратты талап етеді. Бір ғана Жайықтың төңірегінде шешілмеген қаншама мәселе бар. Екі мемлекетке ортақ, трансшекаралық өзен болғаннан кейін, онда ең алдымен су мол болуын ресейліктермен бірлесіп шешу керек. Ақ Жайықтың суы таза, мөлдір болса ғана балық өсіру, туризмді дамыту сияқты басқа жайттарды қозғауға болады. Осының бәрін заңдастырсақ, бұдан ұтарымыз анық, әсіресе, болашақ ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз болар еді.

  -Сіз сапа маманы ретінде қазіргі заман ағымын қалай бағамдар едіңіз, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде не айтасыз?

-Бүгінгідей уақытта менеджмент жүйесін үздіксіз жетілдірмейінше, белгілі бір табысқа қол жеткізу қиын. Бұл ретте әлемнің белді компанияларындағы жаңа технологияларға сүйену қажет. Осы орайда Қазақстанға сапа жолымен алға ілгерілеуге мүмкіндік мол. Өйткені дүние жүзінде тәжірибе жеткілікті, тек соны оңтайлы пайдалана білу қажет. Сонда еліміз жиырма бірінші ғасырда алдыңғы лекке шығып, әлемнің бәсекеге қабілетті елу мемлекетінің қатарына қосыла алады.

Менеджменттің әлеуметтік жауапкершілігі мықты болса, табыстың да қашпасы анық. Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі «Нұр Отан» ХДП бағдарламасында, Жезқазған мен Қызылордада өткен кәсіпкерлердің бірінші және екінші форумдарында көрініс тапты. Қазіргідей әлемдік дағдарыс жағдайында мұның маңызы арта түспесе, кемімейді. Оның саяси да, экономикалық та астары бар. Осы стратегия ғана мемлекетті әлеуметтік сілкіністерден сақтай алады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде экономиканың күрделі кезінде бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігін түсіне білуі керектігін тағы да атап көрсетті. Кейін бұл идея «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде де қолдау тапты. Қазіргі кезде Қарашығанақты игеріп жатқан шетелдік альянс Елбасы тапсырмасына сәйкес Оралға дейін магистральды газ құбыры құрылысын жүргізуде. Міне, осы жоба жүзеге асқан кезде жол бойындағы елді мекендермен қатар, облыстың бірнеше ауданы табиғи газға қосылатын болады. Яғни ен байлықтың үстінде отырған ел соның игілігін көрмекші. Шын мәнісінде бұл жөнінен Батыс Қазақстан облысы елімізде мойны озық тұр деп айтуға болады. Мәселен, қазір өңірде ауыл-аймақты газдандыру қарқынды жүргізіліп жатқаны өз алдына, «көгілдір отынмен» қозғалатын автокөліктерді «тамақтандыратын» стансалар бар. Бұл Еуро-4, Еуро-5 талабына сай келеді. Сол секілді Киото келісімі қағидасына сәйкес Оралда газ турбинасы да салынды. Мұның бәрі, түптеп келгенде, Елбасының жаңа индустрияландыру бағдарламасына орай инновациялық жобаларды жүзеге асырумен қатар, сол төңіректегі халықтың да әлеуметтік мәселесін шешу болып табылады. Біздің басты мақсатымыз да осы болса керек.

Соңғы жаңалықтар