Еліміздің алғашқы мемлекеттік марапаттарын кім иеленді - Елбасы кітабынан

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» оқырмандарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының мазмұнымен таныстыруды жалғастырады.

Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады. Бүгін «ҚазАқпарат» осы кітаптан Қазақстанның алғашқы мемлекеттік марапаттары, оларды кімдер иеленгені жөніндегі Елбасының естеліктерінен үзінді келтіруді жөн көріп отыр.

***

Елге сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік марапаттары

Мемлекеттік марапат пен басқа да белгілер жүйесі жоғары символдық мәні бар, мемлекеттіктің маңызды элементі саналады. Жаңа тәуелсіз мемлекет есебінде Қазақстан Республикасына да мемлекеттік марапаттар қажет болды.

Алғашқы ерекшелік белгілерін жасауды мен тікелей өз бақылауыма алдым, талқылауға ұсынылған жобаларды мұқият зерттеп, өзгерістер енгіздім. 1993 жылдың 1 сәуірінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары туралы» заңға қол қойдым.

Ерекшеліктің жоғарғы деңгейі Қазақстан Республикасы алдындағы көрнекті еңбегі, оның тәуелсіздігі мен азаматтығы жолында өшпес ерлік көрсеткені үшін берілетін «Халық қаһарманы» атағы болды. Бұл атақты Ұлы Отан соғысының батырлары: комбат, соңынан 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының полк командирі Бауыржан Момышұлы, Берлинге шабуылдаушы атқыштар батальонының командирі Сағадат Нұрмағамбетов, партизан отрядының командирі Қасым Қайсенов, минометші Алексей Кулаков, ұшқыш Бақтыораз Бейсекбаев, Рейхстагқа алғаш ту тігушілердің бірі - барлаушы Рахымжан Қошқарбаев, ұшқыш Хиуаз Доспанова, зеңбірекші Александр Капорин алды. «Халық қаһарманы» жоғары атағымен ғарышкерлер - Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов те марапатталды.

Қазақстанның алғашқы ордендері - «Отан», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет». Қазақстанның алғашқы медальдары - «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат».

Мемлекеттік марапат регламентін белгілейтін жаңа заң 1995 жылдың 12 желтоқсанында қабылданды.

«Халық қаһарманы» атағына теңестірілген жоғары деңгейдегі ерекшелік белгісі - Қазақстан Республикасы алдындағы айрықша еңбегі үшін берілетін «Алтын қыран» ордені болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті осы лауазымға сайланған соң ерекше үлгідегі «Алтын қыран» орденінің иегері болады деп белгіленді. Сондай-ақ бұл марапат Ресей Федерациясының Президенттері Борис Ельцин мен Владимир Путинге, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімовке, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Цзян Цзэнминьге, Жапония Императоры Акихитоға және Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға үлкен үлес қосқан басқа да мемлекеттердің көшбасшыларына берілді.

2001 жылдың 3 мамырында елдің қалыптасуы мен дамуына сіңірген ерекше еңбегі үшін берілетін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені бекітілді.

2008 жылдың 1 желтоқсанында «Халық қаһарманы» атағымен және әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы көрнекті жетістігі үшін берілетін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі ерекше белгісі - «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы бекітілді. Әр жылдары халық жазушысы, мемлекеттік қайраткер Әбіш Кекілбаев, белгілі кәсіпкер-ауыл шаруашығы өндірушісі Геннадий Зенченко, атақты музыкант және педагог Айман Мұсаходжаева, көрнекті ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, Қазақстанның театры мен киносының мақтанышы Асанәлі Әшімов осы атақтың иегерлері атанды.

Еліміздің маңдайалды ұлдары мен қыздарының әскери және бейбіт еңбектегі ерлігі қашанда біздің халқымыз үшін үлгі болмақ. 

Соңғы жаңалықтар