Еліміздің 7 шекаралас өңіріндегі ауылдардың халық саны азайып барады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның 7 облысындағы шекаралас аудандарда халық саны азайып барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 3 жылда Қазақстанның шекаралас аудандарының халқы 3,35-тен 3,36 млн адамға дейін өсті. Бұл ретте шекара маңындағы 65 ауданның 40-да халық санының азаюы байқалады. Бұл көші-қон ағынымен және халықтың табиғи кемуіне байланысты болып отыр. Халық негізінен Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының шекаралас аудандарында азайып барады», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында.

Халықтың үдере көшуіне басты себеп – табыстың төмендігі, жұмыссыздық, көлік қолжетімділігінің әлсіздігі және инженерлік инфрақұрылымының тозуы.

«Былтыр көші-қонның теріс сальдосы Шығыс Қазақстан, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында байқалады. Халықтың табиғи азаюы Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының шекаралас аудандарында байқалады. Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстарында табиғи өсім байқалады. Шекара маңындағы аумақтардың экономикасы табиғи-ресурстық және туристік-рекреациялық әлеуетті жеткіліксіз пайдаланумен, құрылымының монопрофильділігімен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің трансшекаралық факторларды пайдаланудағы әлсіз белсенділігімен сипатталады», - деп көрсетілген құжатта.

Сонымен қатар, тұжырымдамада көрші елдермен салыстырғанда шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері әлдеқайда төмен екені жазылған.


Соңғы жаңалықтар