Еліміздің 5 облысындағы таулы аймақта қар көлемі жылдық мөлшерден жоғары

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің 5 облысындағы таулы аймақта қар көлемі жылдық мөлшерден жоғары. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша жазық аумақтағы қар жамылғысындағы ылғал қорының көрсеткіштері негізінен орташа жылдық мәннен жоғары. Ұлытау облысының Кеңгір өзенінің алабында - 28, Қостанай облысының Қараторғай өзенінің алабында - 26, Ақтөбе облысының Ілек өзенінің алабында 15 пайызға жоғары болып тұр. Қарағанды облысының өзен алаптарында, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жекелеген өзен алаптарында орташа көп жылдық мәндер шегінде байқалады. Ал Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Ұлытау және Қостанай облыстарының өзен алаптарында орташа көпжылдық мәндерден төмен», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, 2023 жылғы 1 ақпандағы қар өлшеу маршруттарының деректері бойынша елдің таулы бөлігінде қар көлемі 5 өңірде орташа көпжылдық мәннен жоғары болып отыр. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларының аймақтарында, сондай-ақ Ертіс өзенінің сол жағалауындағы салаларда және Тарбағатай жотасының оңтүстік-батыс беткейлерінде - 33-80, Жетісу облысындағы Жетісу Алатауы өзендерінің алаптарында - 39, Түркістан және Жамбыл облыстарындағы Қаратау жотасының оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс беткейіндегі өзендердің бассейндерінде 13-29 пайызға жоғары. Ал Алматы облысындағы Іле Алатауының солтүстік және оңтүстік беткейлерінің, сондай-ақ Кетмен жотасының солтүстік беткейіндегі өзен алаптарында қар орташа көпжылдық мән шегінде болса, Түркістан және Жамбыл облыстарының тауларындағы орташа көпжылдық мәннен төмен.

«Топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткіштері келесідей қалыптасты.: Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары өзендерінің алаптарында - 23-46, Қостанай облысы өзендерінің алаптарында - 12-123, Атырау және Ақтөбе облыстары өзендерінің алаптарында 15-72, Батыс Қазақстан облысы өзендерінің алаптарында 33-104 пайыз орташа көпжылдық мәннен жоғары. Орташа көпжылдық мәннен Қарағанды облысы өзендерінің алаптарында - 22-44 және Ұлытау облысы өзендерінің алаптарында – 34-37, сондай-ақ Ақмола облысының жекелеген өзендерінде – 21-47, Ақтөбе облысының жекелеген өзендерінде 13 пайыз төмен», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар