Еліміздің 20 өңірінде 845 «Отбасын жоспарлау» кабинеті жұмыс істейді

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің 20 өңірінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде 845 «Отбасын жоспарлау» кабинеті жұмыс істейді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің 15 мамыр – халықаралық Отбасы күніне байланысты жариялаған хабарламасында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомство сайтына сілтеме жасап.

Отбасының денсаулығын сақтау және нығайту – ұлттың сәтті және табысты дамуының негізі, болашақ ұрпақтың бақытты белсенді өмірінің кепілі. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдары денсаулықтың негізгі көрсеткіштеріне әсер ететін шамамен 32 функцияны көрсетеді.

Біздің еліміздегі әрбір бала медициналық бақылаумен қамтылған. Ауруларды ерте диагностикалау мақсатында жаңа туған нәрестеге тұқым қуалайтын ауруларға, есту қабілетінің төмендеуіне, психофизикалық дамуға, шала туған нәрестелердің ретинопатиясына скрининг жүргізіледі. 2022 жылы балаларды скринингпен қамту 3-тен 12%-ға дейін өсті.

Дамудың үйлесімділігін бағалау, ата-аналарға ерте шақтағы балаларды күту мәселелері бойынша консультация беру үшін емханаларда баланы дамыту кабинеттері жұмыс істейді.

Ал, 5 жасқа дейінгі балалары бар отбасылар БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) халықаралық ұсынымдарына сәйкес патронаждық бақылаумен қамтылған. Өмірдің бірінші жылындағы балаларға ерекше назар аударылады. Қамту – 95%.

Бүкіл әлемде вакцинациялау инфекциялармен күресудің ең тиімді, үнемді және қолжетімді құралы ретінде танылды. Елде жыл сайын шамамен 5 млн адам егіледі, оның ішінде 1,3 млн бала 20 инфекциялық ауруға қарсы егудің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес тегін вакцинацияланады. Балаларды кепілдік берілген сапалы вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналар сатып алынды. 2013 жылдан бастап елге әкелінетін вакцинаның әрбір партиясын міндетті сертификаттау жүргізіліп келеді. Жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған вакцинациямен қамту деңгейі кемінде 95% болып отыр.

Балаларға профилактикалық көмек көрсету үшін МСАК ұйымдары деңгейінде баланы дамытудың 600-ден астам кабинеті ұйымдастырылды, онда жас балаларға күтім жасау, дұрыс тамақтану, емшек сүтімен қоректендіруді қолдау мәселелері бойынша консультация беру жүргізіледі.

Еліміздің 20 өңірінде МСАК деңгейінде 845 «Отбасын жоспарлау» кабинеті жұмыс істейді, онда контрацепцияның заманауи әдістерін қолдану және іріктеу бойынша халыққа консультация беру, контрацепция әдісінің тиімділігін бақылау және динамикалық бақылау жүргізіледі. Ұрпақты болу жасындағы әйелдерді зерттеп-қарау алгоритмі әзірленді, халықтың нысаналы тобы ауруларды ертерек анықтау мақсатында скринингтен өтеді.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 14 мыңнан астам әйел «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасының қатысушылары болды, олардың барлығы экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламасын өткізді. Екі жылдың ішінде МӘМС есебінен осы бағдарламаны іске асырудың арқасында 6 мыңнан астам әйел жүктілікпен есепке алынды, 2 800 отбасында 3 200-ден астам бала дүниеге келді, оның ішінде 400-ге жуық егіз, 1700 ұл, 1500 қыз. Ал, 2 мыңға жуық әйел әлі босанбаған. Сондықтан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша туған нәрестелер туралы нақты ақпаратты тек 2023 жылдың қарашасында айтуға болады.

Біздің қоғамда, өкінішке орай, бүкіл әлем сияқты, жоспарланбаған жүктілік мәселесі бар, прегравидалдық дайындықтан өткен жұптардың үлесі 30%-дан аспайды. Прегравидалдық дайындық болашақ ата-аналар үшін өте маңызды, өйткені олар генетикалық материалмен бірдей қамтамасыз етеді және сау баланың тууына жауап береді.

Республикада жасөспірімдер мен жастарға медициналық-психоәлеуметтік көмектің ақпараттандыру деңгейін және қолжетімділігін арттыру үшін 200 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Өткен жылы 700 мыңнан астам жасөспірімдер мен жастарға репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық-психоәлеуметтік көмек көрсетілді.


Соңғы жаңалықтар