Еліміздегі ЖОО-ларда архив ісі бойынша мамандықтар ашу керек - Райымқұлова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің жоғары оқу орындарында архив ісі бойынша мамандықтар ашу керек. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Архив мекемелерін білікті кадрлармен қамтамасыз ету проблемасы өзекті болып қалуда. Республика архивтерінде бейіні бойынша білімі бар мамандардың бар-жоғы 2,5 пайызды құрайды. Сонымен қатар министрлікке электрондық құжат айналымы және электрондық архив бөлігіндегі қызметтерді бергеннен кейін техникалық білімі бар мамандар тапшылығы проблемасы өткір болып тұр», - деді министр.

Оның айтуынша, кейбір архивтерде жыл ішінде ауысымдылық құрамның 50 пайыздан астамын құрайды. Бұл ретте, мемлекеттік архив мекемелерінің штат санының қысқаруына қарамастан, сақталатын құжаттар көлемінің ұлғаюы байқалады.

«Архив саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігінің басты себебі - архивші мамандықтары мәртебесінің төмендігі. Сондықтан республиканың жоғары оқу орындары осы бағыт бойынша мамандар даярлауға мүдделі емес. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - «Архив-жүргізу», «Құжат-жүргізу» және «Құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша мамандар даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны. Сондықтан өңірлердің жоғары оқу орындарында архив ісі және құжаттама саласы бойынша мамандықтар ашу, сондай-ақ ҚР Білім министрлігі «Архивтану», «Құжаттану» және «Құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттарды ұлғайту қажет», - деді Ақтоты Раймқұлова.


Соңғы жаңалықтар