Еліміздегі зейнетақы шоттарында 12 трлн теңге жатыр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,8 трлн теңге жинақталды. Бұл туралы аталған қордың баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 12,4 трлн теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары 374,5 млрд теңге, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) аясында жинақтардың жалпы көлемі шамамен 2,6 млрд теңге болды», - деді қордың баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, биыл жарналар көлемі көбейген. 2022 жылдың бес айында салымшылардың шоттарына шамамен 661,9 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 29% немесе 147,2 млрд теңгеге көп.

«Жыл басынан бері БЖЗҚ өз салымшыларына 947,5 млрд теңге төледі. Оның басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады – 840,6 млрд теңге. Сонымен қатар, жасына байланысты төлемдер 42,4 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер 28,6 млрд теңге болды», - делінген хабарламада.

Атап кету керек, БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем (зейнет жасына толуына байланысты) 29 360 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем 707 326 теңге болды.


Соңғы жаңалықтар