Еліміздегі телеарналар мағынасыз шоуға толып кетті - Р. Халмұрадов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Байланыс және ақпарат министірінің атына сауал жолдаған депутат Розақұл Халмұрадов ел телеарналарындағы мағынасыз шоулардың таралуына алаңдаушылық білдірді.

«Еліміздегі телеарналардағы қазақ тіліндегі бағдарламалар салмағы кеміді. Есесіне, қостілді бағдарламалар мен субтитрлі аудармалар қаптап кетті. Жасөспірімдерге арналған аргентиналық телехикаялар көрермендерді әдепсіз әрекеттерге «тәрбиелеуде». Жеткіншектердің сана-сезімін улап, кері әсерін тигізетін аталмыш көріністер халықтық психология мен ұлттық менталитетімізге мүлдем кереғар», - деді Р. Халмұрадов. Сонымен бірге, депутат қазақстандық телеарналарды жаулап алған шетелдік сериалдарға, ресейлік шоуларға қатысты пікірін айта келе, бүгінгі буынның классикалық туындылардан алшақтағанына қынжылыс білдірді.

«Жабайы жаһанданудың улы тамыры - батыстың сапасыз даңғырлақ әуені мен киносынан арылып, ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін кейінгі ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізу үшін телеарналардан ұлттық қазынаны көрерменге ұсынуға қашан қол жеткіземіз? 24 сағат қазақ тілінде сөйлейтін, жастарды рухани адамгершілікке тәрбиелейтін, мектеп оқушыларының бойынан отанға сүйіспеншілікті оятатын телеарналар тура қай жылы, қай айда ашылады? Мағынасыз шоуларды сыпырып тастап, қазақи рухтағы туындылар қашан телеарнадан орын алады?», -деді Р. Халмұрадов.

Соңғы жаңалықтар