Еліміздегі су тапшылығы проблемасы қалай шешілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Cуармалы судың 97% Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлері тұтынады. Бұл туралы ҚазАқпарат Экология министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Биылғы жыл еліміздің оңтүстік өңірлері үшін су аздығы жағдайында өтті. Алайда, уақтылы қабылданған шаралар мен су шаруашылығы мамандарының кәсіби жұмысы арқасында фермерлер суармалы сумен қамтамасыз етіліп, егін шығынын болдырмауға мүмкіндік туды», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министр Мағзұм Мырзағалиев.

Айта кету керек, суармалы судың 97% Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлері тұтынады.

Су аздығы болжанғаннан кейін жыл басынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп өңірлерге іссапар ұйымдастырылды. Онда жергілікті атқарушы органдар мен фермерлер мүмкін тәуекелдер және күрделі вегетациялық кезеңге дайындық қажеттілігі туралы алдын ала хабардар етілді.

Бұл суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша тиімді шаралар пакетін әзірлеуге мүмкіндік берді.

Мәселен, Түркістан облысында мақта алқабы 17,9 мың гектарға, Қызылорда облысында күріш – 7,1 мың гектарға, Алматы облысында күріш - 2,4 мың гектарға қысқартылды.

Сондай-ақ, су аздығын ескере отырып, суару кезегінің кестесі әзірленді, қосымша сорғылар орнатылып, коллекторлық-дренаждық сулар қайта пайдаланылды.

Сонымен қатар, вегетациялық кезеңнің басында «Тоқтоғұл» (Қырғызстан) су қоймасының толымдылығы тек 52% - ды құрады. Дегенмен, Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы елдермен келіссөздер нәтижесінде (Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) Түркістан және Қызылорда облыстарының фермерлері «Тоқтоғұл» және «Бахри Точик» су қоймаларынан қосымша 700 млн текше метр су алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24% - ға артық.

Шу-Талас бассейнінде де күрделі жағдай қалыптасты. Мәселен, биыл «Кировское» су қоймасында (Талас өзені, Қырғызстан) бұрынғыға қарағанда 20%-ға аз су жинақталған. Сондай-ақ, вегетациялық кезеңде таулардағы төмен температураның салдарынан «Орто-тоқой» су қоймасына (Шу өзені, Қырғызстан) судың аз келуі байқалды. Осыған қарамастан, қырғыз тарапымен бірнеше рет жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Жамбыл облысының шаруа қожалықтарын суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.

«Биылғы жылдың тәжірибесі қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетті. Алайда, бізге суды ұтымды пайдалануға көшу, сумен жабдықтауды цифрландыру, қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын пайдалану және қолданыстағы каналдарды қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды жеделдету қажет», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар