Еліміздегі саяси биліктің бірізділікпен жалғасуының куәсі болып отырмыз – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Ауқымды шараға ішкі саясат пен билікке қатысты бірқатар маңызды дүниелер қозғалып, шешімдер қабылданды. Осы орайда айтулы саяси оқиғаға қатысты ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің отырысында Елбасы біраз мәселені қозғады. Сол мәселелердің басты түйіні ретінде мемлекетте бірізділік саясатының сақталуы және бейбіт өмір сүру керектігі айтылды. Сондай-ақ, Елбасы пандемия кезіндегі қиыншылықты халықтың билікпен бірге еңсеріп келе жатқандығына ерекше тоқталып өтті. Және де халықаралық аренадағы саяси күштердің трансформациясына байланысты Қазақстанның көпвекторлы саясат ұстану керектігін алға тартты», - деді Индира Рыстина.

Сарапшының айтуынша, еліміз өзінің сыртқы саясатқа қатысты ұстанымын өзгертпеуі тиіс.

«Одан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев 40-50 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізе алатындығымызға сенім білдірді. Сол жетістіктермен қатар елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық та қатар дамуы тиіс. Елбасы атап өткен басты тезистерді жүзеге асырудың қадамы ретінде, саяси билік транзитінің бейбіт түрде өтуіне куә болып отырмыз. Оның дәлелі Елбасы «Nur Otan» партиясының төрағалығын Президентке беріп отыр. Партия тізгінін Президенттің алуы ел билеу саясатының бірізділікпен жалғасуының белгісі», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордада «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Аталған жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін Президентке тапсыратындығын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар