Еліміздегі оқиғаға байланысты шетелдік компанияларда қандай мәселе туындағанына қатысты ақпарат жинақталуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі шетелдік компанияларда соңғы оқиғаларға байланысты қандай мәселелер туындағанына қатысты ақпарат жинақталуда. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше ғана Қазақстан Президенті берген тапсырмаларға сәйкес, Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттердің ресми биліктерімен, халықаралық ұйымдардың басшыларымен тұрақты байланыста. Өздеріңіз де білетіндей, соңғы уақытта Мемлекет басшысы бірқатар шет мемлекеттің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті. Қазақстандағы жағдай бойынша ақпарат берді. Халықаралық ұйымдар, басқа да мемлекеттер Қазақстанда Мемлекет басшысы және Үкімет тарапынан террорлық шабуылға төтеп беру үшін қабылданып жатқан іс-шараларға оң баға беріліп, қолдау көрсетіп жатыр. Біраз мемлекет пен халықаралық ұйымдар мәлімдемелерін жасады», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінде ұйымдастырылған брифинг барысында Шахрат Нұрышев.

Сонымен қатар, ол Елшіліктеріміз арқылы еліміздегі ахуал шет мемлекеттерге жеткізіліп жатқанын айтты.

«Екінші тапсырма - Қазақстанда орналасқан дипломатиялық корпустың, шетелдік журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шет мемлекеттердің инвестицияларын, олардың елімізде бизнес нысандарына қолғабыс көрсету. Өздеріңіз білесзідер, Сыртқы істер министрлігінің қарамағында Инвестиция комитеті жұмыс істейді. Мұнан бөлек, «Қазақинвест» ұлттық компаниясы бар. Осы компанияның өңірлердегі және шетелдегі өкілдіктері арқылы шетелдік компанияларда соңғы уақытта елімізде болған оқиғаларға байланысты қандай мәселелер туындағанына қатысты толық ақпарат жинақтап жатырмыз», - министрдің бірінші орынбасары.


Соңғы жаңалықтар