Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жартысынан астамы еңбекке қабілетті жаста

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың 100 мыңы жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мүгедектігі бар азаматтар, басқа да осал әлеуметтік топтардың өкілдері сияқты, мемлекеттік бағдарламаға қатысуда басымдыққа ие. Біздің елімізде 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, олардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті жаста. Алайда, олардың ішінде ресми мәліметтер бойынша, шамамен 100 мың адам жұмыс істейді. Сондықтан мүгедектерді еңбек нарығына бейімдеу маңызды әрі өзекті мәселе болып табылады», – деп атап өтті ҚР Еңбек министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаменті Еңбек нарығын дамыту басқармасының басшысы Бақыт Қашырбеков.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Қазақстан бойынша «Еңбек» бағдарламасына 526 мыңнан астам адам қатысып, түрлі қолдау түрлерін алды. 338,2 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 189,4 мыңы тұрақты жұмысқа, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына 187,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, 9,6 мың жеңілдікті кредит және 38 мың қайтарымсыз грант берілді, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне қысқа мерзімді оқытудан 33,2 мың адам өтті.

Өз кезегінде, осы мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау алған мүгедектігі бар адамдардың жалпы үлесі небәрі 2,1 пайызды – 11,4 мың азаматты құрайды. Оның ішінде 4 мыңы тұрақты жұмыс орындарына, 6 мыңнан астамы уақытша жұмысқа орналастырылды, 448 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтылды, 284 адам микрокредит алды және 700 адам мемлекеттік грант алды. Ал 504 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқытуға жіберілді.


Соңғы жаңалықтар