Еліміздегі ломбардтар мен микроқаржы ұйымдарына 5,7 млн теңге айыппұл салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыстық орталықтарындағы микроқаржы ұйымдары мен ломбардтардың қызметіне мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның сайтына сілтеме жасап.

Агенттік 2020 жылғы желтоқсанда халықпен өзара іс-қимыл жасайтын қаржы және өзге де ұйымдардың жарнама қызметінің алаяқтық және басқа да ықтимал заңсыз әрекеттер тұрғысынан жүйелік мониторинг жүргізді.

Нәтижесінде микроқаржы ұйымдары мен ломбардтарға қатысты жалпы сомасы 5,7 млн теңге айыппұл салынып, 30 әкімшілік жаза қолданылды, 9 жазбаша ұйғарым шығарды.

«TAS CREDIT» микроқаржы ұйымы» ЖШС-на бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күнгі қызметіне сәйкес келмейтін жарнаманы тарату немесе орналастыру түріндегі әкімшілік құқық бұзғаны үшін 416 700 теңге айыппұл салынды.

Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен есептелген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін көрсетпегені үшін «Ломбард «Пятачок» ЖШС, «Ломбард Доверие» ЖШС, «0,18% Lombard» ЖШС, «Алтын Ломбард» ЖШС, «Ломбард Кредит kz» ЖШС, «ЛОМБАРД СТОЛИЧНЫЙ КЗ» ЖШС, «Тез Ломбард» ЖШС, «Цифра Ломбард» ЖШС, «Экспресс займ МҚҰ» ЖШС, «Ломбард «Срочно деньги» ЖШС, «Ломбард Status&Ko» ЖШС, «Ломбард «Народный KZ» ЖШС, «Ломбард «Агат-Т» ЖШС-ларына жалпы сомасы 4,7 млн теңге айыппұл түрінде 27 әкімшілік жаза қолданылды», делінген хабарламада.

«Микроқаржылық қызмет туралы» заңда көзделмеген қызметті жүзеге асырғаны үшін «Лидер – Капитал 168» МҚҰ» ЖШС-на 555 600 теңге айыппұл түрінде 2 әкімшілік жаза қолданылған.

Сонымен қатар, «Адиль-Ломбард» ЖШС, «Ай-Н Ломбард» ЖШС, «Ломбард-Қаржы» ЖШС, «Ломбард «ҰЛЫ ШЫҢ» ЖШС, «Голд-Юг-Ломбард» ЖШС, «Ломбард «Комфорт» ЖШС, «Оңтүстік Финанс-Ресурс» кредиттік серіктестігі» ЖШС, «Creditum» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «TESQUA FINANCE» МҚҰ» ЖШС-ларына микрокредит беру туралы үлгі шарттардың заң талаптарына сәйкес болмағаны үшін 9 жазбаша ұйғарым жіберілді.

Бұдан басқа, қайта тіркеуден өтпеген және есептік тіркеуден өту үшін өтініш бермеген ломбардтарға қатысты агенттіктің өңірлік басқармалары мәжбүрлеп тарату туралы шағым-талап жұмысын жалғастыруда.

«2020 жылғы желтоқсанда екінші деңгейдегі банктерге, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру нарығының субъектілеріне қатысты бұзушылықтар, сондай-ақ заңсыз іс-қимыл және алаяқтық фактілері анықталған жоқ», делінген хабарламада.

Халықпен өзара іс-қимыл жасайтын қаржы және өзге де ұйымдардың жарнама қызметіне алаяқтық және басқа заңсыз әрекеттердің болу мүмкіндігі тұрғысынан мониторингтеу көздері:

- Агенттікке, оның ішінде агенттіктің сұрау салуы бойынша қаржы және өзге де ұйымдар ұсынған құжаттар мен ақпарат;

- жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан келіп түскен өтініш, құжаттар мен ақпарат;

- қаржы және өзге де ұйымдардың сайттары;

- әлеуметтік желі (Facebook, Twitter, Instagram, Telegram парақшалары);

- қаржы және өзге де ұйымдардың мобиль қосымшалары;

- теле-радиоарналардағы, қоғамдық көліктегі, мерзімді баспасөз басылымдарындағы жарнама, сондай-ақ сыртқы жарнамалары.


Соңғы жаңалықтар