Еліміздегі қазіргі жағдай девальвацияның дұрыс жүргізілгенін дәлелдеп отыр - Б. Тәжіяқов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Еліміздегі қазіргі жағдай девальвацияның дұрыс жүргізілгенін дәлелдеп отыр.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетіндегі кездесу барысында ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылдың ақпанында девальвацияны жүзеге асырғанда бұл шараның инфляцияға қатты әсер ететіні жорамалданған болатын. Бірақ, ондай жағдай орын алған жоқ. Осы уақыт кезеңінде өнімдердің жекелеген түріне бағаның шарықтауы да күтілген еді. Дегенмен, ондай баға өсімі соншалықты бола қойған жоқ.  Тіпті, инфляция деңгейі болжанған параметрден де төмен болып шықты», деді Б. Тәжіяқов. Оның айтуынша, ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайы мен елдегі инфляция үдерісіне орай, Ұлттық банк ақша-кредиттік саясатын қайта қарастырған. Бұнда негізінен теңгенің айырбас бағамының тұрақтылығын сақтау мен жалпы қаржылық сектордың тұрақтылығын қамтамасыз етуге баса назар аударылған.

«Өткен жылдың қараша-желтоқсан айлары мен ағымдағы жылдың қаңтар айында теңгенің айырбас бағамына қысымның жоғарылағаны салдарынан, оны ұстап тұру нәтижесінде еліміздің алтын-валюталық қоры 6 млрд. долларға дейін  төмендеген болатын. Әсіресе, бұл ағымдағы жылғы қаңтардың соңына таман қатты сезілді. Сондықтан да, Ұлттық банк девальвация туралы шешім қабылдады. Қазіргі жағдайдың өзі біз ұстанып, қабылдаған бір реткі девальвацияның дұрыстығын дәлелдеп отыр. Ұлттық Банктің белгілеген валютаның айырбас дәлізі ең оңтайлы нұсқа болды. Өйткені, бүгінгі күні осы бағам сақталып отыр», деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.      

Соңғы жаңалықтар