Еліміздегі қанша гидротехникалық құрылыстарға жөндеу жүргізу керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенат баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуге қатысушылар Төтенше жағдайлар министрлігі мен жекелеген өңірлердің күштері мен құралдарының көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығын талқылады.

«Қазақстанда әрбір көктем айтарлықтай су тасқынымен қатар жүреді. Әсіресе ауыл халқы зардап шегеді. Мемлекеттік органдар жыл сайын төтенше жағдайға дайындық туралы есеп береді, бірақ үлкен су келгенде, әрқашан күш пен қаражат жеткіліксіз әрі дайындық та нашар болып шығады», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Ол сондай-ақ сенаторлар өткен жылы су қауіпсіздігі туралы Үкімет сағатын өткізу кезінде су тасқыны қаупінің алдын алу жөніндегі нақты шаралар ұсынғанын еске салды.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин министрлік 2017 жылы әкімдіктермен бірлесе отырып, көктемгі су тасқынына аса бейім 905 елді мекенді анықтағанын атап өтті. Бүгінгі күні еліміздегі 315 елді мекеннен мұндай қауіп алынып тасталды және тағы 314 елді мекенге қауіп-қатер барынша азайтылды. Оларда 350 мыңнан астам адам тұратын 70 мыңнан астам тұрғын үй бар.

Министрдің айтуынша, шешілмеген мәселелердің бірі – су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйі болып отыр. Осындай 500-ге жуық гидротехникалық құрылыстар қазір жөндеуді және жаңғыртуды талап етеді.

Кездесу барысында шараға қатысушылар су тасқыны қаупімен күреске оң әсер ететін бірқатар нақты міндеттерді шешу қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, судан қорғау аймақтары мен белдеулері маңайында орналасқан үйлер мен нысандардың суда қалуына жол бермеу үшін елді мекендер құрылысын жоспарлауды жақсарту аса маңызды. Жолдарды жобалау, салу, жаңғырту, жөндеу және пайдалану кезінде табиғи-климаттық факторлар да ескерілгені жөн. Одан басқа, көп салалы зерттеулер жүргізілуі тиіс және бөгеттердің қауіпсіздігі декларациясын әзірлеуді қаржыландыруды бөлу керек.


Соңғы жаңалықтар