Еліміздегі фабрикалардағы құс саны бұрын 60 млн. болса, осы жылдың басында 30 млн.-ға әрең жеткен - М. Көпей

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  Өткен ғасырдың 90-шы жылдары еліміздегі фабрикалардағы құс саны 60 млн. болса, осы жылдың басында 30 млн.-ға әрең жеткен.

 Бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен «Қазақстанда құс шаруашылығын дамытудың проблемалары мен перспективалары» атты дөңгелек үстелде ҚР Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы 2015 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы экспорт көлеміндегі үлесін 8 пайызға жеткізу міндетін қойғаны белгілі. Президенттің осы бағытта алға қойған негізгі міндеттері бұл елдің ішкі агроөнеркәсіп нарығындағы импортқа тәуелділік мәселесін шешу және бұл саланың болашақта экономикалық өсуі үшін қажетті негіз құру болып табылады. Сондай-ақ бұл міндетті шешуде еліміздің құс шаруашылығы аса маңызды рөл атқаруы тиіс», деді М. Көпей. Вице-спикердің айтуынша, аталған құс өсіру саласы әуелде елімізде лайықты орын алып келген. Мәселен, Қазақстанның құс өсірушілері бұрынғы Кеңес одағының үздіктері болған екен әрі осы салада елімізде бірқатар Еңбек ерлері де шыққан.  «90-жылдарда экономиканың құлдырауы аралас салалармен тығыз байланысты болған құс өндірісіне ауыр соққы болып тиді. Соның салдарынын 2000 жылдардың басында экономиканың және тұтыну сұранысының  өсуі кезінде біздегі фабрикаларда  тек 15 млн. ғана құс қалды. Ал 1990 жылдары бұл шамамен 60 млн. болған. Тек осы жылдың басында бұл көрсеткіш 30 млн. құс басына жақындап отыр. Әрине, осы көрсеткіштер өндірістің құлдырауына да салдарын тигізді», деді сенатор.

Оның айтуынша, тұтыну сұранысының ұлғаюы құс еті мен жұмыртқаның орасан тапшылығына әкеліп, қазіргі таңдағыдай импорттың өсуіне негіз қалаған.

Соңғы жаңалықтар