Еліміздегі ең жас композитор Нұрәлі Бейсеқожаның шығармашылық кеші өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үлкен концерт залында Қазақстандағы ең жас композитор, 50-ден астам классикалық шығарманың авторы, 13 жасар Нұрәлі Бейсеқожаның алғашқы шығармашылық кеші өтті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 55 жылдығына арналған кеш иегері Нұрәлі осы мектепте білім алып жүр.

Ең жас композитордың шығармашылық кешіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Бүйенбаева басқаратын Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандырылған музыка мектеп-интернатының симфониялық оркестрі, Ләззат Жүнісова мен Алмагүл Тубажанова жетекшілік ететін «Ақ тілек» ұлдар хоры, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары қатысты.

Мектептің 55 жылдығына арналған «Мектеп вальсі» атты шығармасымен басталған концерт Нұрәлінің «Көптен күткен кездесу» атты туындысымен жалғасын тапты. Әлемдік классикадағы атақты Антонио Вивальди, Петр Чайковский, Иозеф Гайдн, Астор Пьяццолла сынды композиторлардың ізімен, жанр іспеттес қалыптасқан «Жыл мезгілдері» атты шығармалар желісімен жазылған Нұрәлінің «Жыл мезгілдері. Қыс. Күз» туындылары жас композитордың шығармашылық қарымының кең екендігін байқатты.
null

Әлем чемпионы, Сочи қаласында өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған «Аққан жұлдыз» туындысы Нұрәлінің қоғамда болып жатқан жайттарға бейжай қарай алмайтын зерек әрі сезімтал екендігін байқатады. Ол тек аспаптық жанрда ғана емес, сонымен қатар ән де жазады. Концертте оның туған жерге арналған «Қазақстаным», «Атамекен», ата-анасына арналған «Әкешім», «Анашым» атты әндері де орындалды.
null

Концертке жиналған көпшілік Нұрәліге риза болып, алғысын жаудырса, кәсіби музыкадағы аға буын мамандар ең жас композитордың шығармашылық аяқалысына жоғары баға берді.
null

Соңғы жаңалықтар