USD 434.24 EUR 492.69
RUB 5.67 CNY 68.46
Jańalyqtar

Еліміздегі ең ірі құс фабрикасы қалай жұмыс істейді

2021 жылғы 29 қараша 19:05
Бөлісіңіз:
Еліміздегі ең ірі құс фабрикасы қалай жұмыс істейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы құс етін өндіруден алдыңғы қатарлы кәсіпорынның бірі - Ақмола облысы Бұланды ауданындағы Макинск құс фабрикасы. Аталған кәсіпорынның іске қосылғанына көп уақыт болмаса да, бүгінде ішкі сұранысты өтеп отыр. Осы орайда «Макинск құс фабрикасы» ЖШС директоры Роман Романов құс етін өндіру кәсібі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Макинск құс фабрикасы» жабық кәсіпорын санатына жатады. Сондықтан санитарлық талаптарды қатаң сақтаймыз. Оның үстіне бұл тамақ өндірісі. Кәсіпорынға кіру үшін арнайы үлгіде киініп, қолды жуып, маска тағу қажет. Біз жылына 76 мың тонна құс етін өндіреміз, оның 68 тоннасы дайын ет өнімі. Фабрикада 1427 адам жұмыс істейді. Құс еті өнімдері екі түрде әзірленеді бірі мұздатылған әдіспен, екіншісі салқындатылған түрде», - деді Роман Романов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.

Оның айтуынша, аталған құс фабрикасы еліміз бойынша өнім көлемі жағынан алғашқы орында.

«Кәсіпорында Еуропа өндірушілерінің алдыңғы қатарлы технологиялық құрылғыларын қолданамыз. Біздің фабрика технологияландыру жағынан әлем көшбасшыларынан кем түспейді. Осы орайда алдағы жылы өнім қуатын 30 пайызға арттырып, жыл сайын 100 мың тонна құс етін өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл - өте жауапты қадам. Осылайша біз Ресей, Беларусь және Украинаның деңгейіне жете аламыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, кәсіпорын басшысы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға тоқталып өтті.

«Алдымен субсидия бойынша мемлекеттік қолдау бар. Сонымен қатар инвестиция тарту мен төмен пайызбен несие алуда айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. Біз мемлекеттен толық көлемде субсидия ала аламыз. Пандемия кезінде жұмыс тоқтаған жоқ. Бүгінде қызметкерлеріміздің дені вакцина алған. Тағы бір маңызды жайт, біздің фабрикада құс тұмауы жағдайы тіркелген емес. Жалпы біз өніммен негізінен еліміздің Солтүстік аумағын қамтып отырмыз. Әрине Оңтүстік өңірдің де нарығын қамтуға тырысамыз. Қызметкерлердің орташа жалақысы 160 мың теңгеге жуықтайды. Артық немесе қосымша жұмыс істеген жағдайда қызметкерге үстемақы төленеді. Бұл жағынан біз еңбек заңына бағынамыз», - деді Р. Романов.

Айта кетсек, «Макинск құс фабрикасы» 2018 жылы іске қосылды.

Кәсіпорынның ашылуына орай тауық етінен 223 метр 65 см кәуап әзірленіп, ол Гиннес рекордтар кітабына енген еді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Әли Ибраев

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT