Еліміздегі электр станцияларына қатысты техникалық аудит аяқталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан аумағындағы 55 электр станциясының техникалық жағдайына қатысты аудит жүргізілді. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдан KPMG бастаған халықаралық сарапшылар тобы Дүниежүзілік банктің қолдауымен еліміздің электр станцияларына ауқымды техникалық аудит жүргізді. Жалпы 55 электр станциясы зерттелді. Жылу беру станцияларының негізгі әрі қосалқы жабдықтарының техникалық және оны пайдалану жағдайына ерекше назар аударылды. Тексеру қорытындысы бойынша станциялар техникалық жай-күйіне, пайдалану мерзіміне, отын шығыны көрсеткішіне, апаттық жағдайына, мамандарды қамту және жөндеу жұмыстарын орындауға қатысты санаттар бойынша жіктелді», - деді Ж. Нұрмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, маусым айының соңына қарай техникалық қызмет көрсету, станцияларды одан әрі пайдалану тұрғысында тиісті жұмыстарды қамти отырып, әр станция бойынша егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары дайындалады.

«Бұл ретте министрлік «тарифті инвестицияларға айырбастау» жаңартылған бағдарламасын іске асыруға кірісті. Оның аясында генерация секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы саладағы жабдықтарың тозу деңгейін кемінде 15% - ға төмендету ескерілген. Жаңартылған бағдарламаның маңызды бөлігі - қолдау тетіктерін жетілдіру мен кәсіпорындардың кері міндеттемелерін күшейту. Қазіргі кезде министрлік берілген өтінімдерге сәйкес 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі үшін электр энергиясына шекті тарифтерді түзетті. Олардың тарифтерінің орташа өсуі шамамен 24 пайызды құрады», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар