Еліміздегі даму көрсеткіші жоғары өңірлер белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлік бөліністе өнеркәсіптің қарқынды өсуін Атырау облысы (11,9%), Қостанай облысы (9,5%) және Шығыс Қазақстан облысы (9,2%) көрсетіп отыр», - дейді Тимур Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, 3 өңірде төмендеу байқалады. Бұл Қызылорда (-6,5%), Батыс Қазақстан (-3,7%) және Түркістан (-3,0%) облыстары.

«Бұл өңірлерде мұнай, газ конденсатын және уран кенін өндіру  көлемі қысқарды. Ауыл шаруашылығы бойынша оң үрдіс 12 өңірде сақталуда. Сонымен бірге, Батыс Қазақстан облысы теріс аймақта қалып барады. Астық өнімдерін жинаудың азаюының есебінен төмендеу деңгейі -4,5 пайызға дейін болып отыр», - дейді ол.

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, жалпы құрылыс жұмыстарының өсуіне қарамастан, 3 аймақта төмен көрсеткіштер анықталды. Мұндай көрсеткіштер Ақмола облысында (-18,5 пайызға), Астана қаласында (-13,3 пайызға) және Қызылорда облысында (-5,9 пайызға) тіркеліп отыр.

«Бұл ретте Шымкент қаласындағы жағдай айтарлықтай жақсарды. Құрылыс жұмыстары 1,9 есеге өсті», - деді министр.

Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша Түркістан облысынан (-9,2 пайыз) басқа барлық өңірлер өсімді көрсетіп отыр. Аталған өңірдегі төмендеу Азиялық газ құбыры құрылысының және Шардара су электр станциясын жаңғыртудың аяқталуына байланысты болған. Ең үлкен өсім Шымкент қаласында (175,8 пайыз) және Атырау облысында (35,6 пайыз) байқалады.

Айта кетейік, осы Үкімет отырысында министр қазақстандықтардың жалақысы туралы айтты.

Соңғы жаңалықтар