Еліміздегі астық нарығындағы бағаға алыпсатарлар билік жүргізіп отыр – Б. Смайлов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі астық нарығындағы бағаға алыпсатарлар билік жүргізіп отыр. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздегі астық нарығына қатысты жағдайға байланысты Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Бауыржан Смайлов осылай мәлім етті,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері Үкіметтің 3 млн. тонна көлемінде астық сатып алу туралы қаулысына үлкен үміт артып, шараға қолдау білдірген болатын. Бұнда астық бағасы тоннасына 165 доллар шамасында белгіленген еді. Бұл шынымен де дағдарыс жағдайында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға бағытталған дұрыс қадам еді. Дегенмен де, бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігі болжанған 17 млн. тонна астықтың  10 млн. тоннасы жиналғанын жариялады. Бірақ, Үкімет шаруалардан әлі бір де бір тонна астық сатып алған жоқ. Осының өзі ішкі астық нарығындағы бағаның құлдырауына септігін тигізіп отыр», деді Б. Смайлов. Депутаттың айтуынша, жиын науқанын аяқтау үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өнімдерін өзіндік құнынан да арзан бағаға сатуға мәжбүр болып отыр. «Нарықтағы баға қайтадан алыпсатарлардың ырқына кетіп, шаруалар тағы да қарызға белшеден бататын түрі бар. Сондықтан да, Үкімет астықты мемлекетке сатып алуға қатысты жедел шараларды ұйымдастыруы керек», деді Б. Смайлов.

Соңғы жаңалықтар