Еліміздегі адвокаттардың рейтингі жасалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде азаматтарға арналған E-заң көмегі жобасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрландыру жолында министрлікте жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – E-заң көмегі. Аталған жобаның мақсаты – адвокаттар мен құзырлы органдардың өзара қызметін автоматтандыру. Жүйеде барлық дерек ашық көрсетіледі. Алда жүйені жетілдіре түсіріп, азаматтар заң кеңесшілерінің қызметін онлайн яғни мобильді қосымшаның көмегімен алу мүмкіндігі болады», - деді Әділет министрінің орынбасары Бекболат Молдабеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, E-заң көмегі жүйесінде азаматтардың биометриясы мен Face ID қолданылады. Ондағы мақсат – қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

«Адвокаттар мен заң кеңесшілерінің рейтингі жасалады. Осылайша азаматтар адвокат, заң кеңесшілерінің қызметін рейтинг бойынша таңдай алады. Одан бөлек, азаматтар өзін қызықтырған сұрақтардың жауабы мен мемлекеттік қызметтер бойынша «1414» Call орталығына хабарласып біле алады», - дейді спикер.

Министр орынбасары келтірген дерекке сәйкес, бүгінде egovMobile мобильді қосымшасында Әділет министрлігі ұсынатын 28 мемлекеттік қызмет, 13 сервис және 5 цифрлық құжат қолжетімді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, енді адвокат, нотаруис және жеке сот орындаушыларына лицензия онлайн берілмек.

Сонымен қатар брифинг барысында балаларға берілетін ата-ана қолхатының өзгертіні айтылды.


Соңғы жаңалықтар