Еліміздегі 73 кәсіпорынның 1,4 млрд теңге жалақы берешегі бар - комитет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Республика бойынша 73 кәсіпорында 3 009 жұмыскердің алдында өтелмеген 1,4 млрд теңге жалақы берешегі бар. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«24 наурыздағы мәлімет негізінде республика бойынша 73 кәсіпорында 3 009 жұмыскердің алдында 1,4 млрд теңге сомасында жалақы бойынша берешек бар. Оның ішінде ағымдағы және мерзімі өткен 31 кәсіпорында 652,4 млн теңге, 42 банкрот және оңалту сатысындағы кәсіпорындарда 669 жұмыскер алдында 728,1 млн теңге берешегі бар», - деп мәлім етті Төлеген Оспанқұлов.

Жұмыскерлер алдындағы ең көп берешек Маңғыстау облысында (242 млн теңге), Алматы қаласында (235 млн теңге) және Абай облысында (140 млн теңге) анықталған.

«Ағымдағы жылдың басынан бастап мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 241 кәсіпорнында 1,9 млрд теңгеден астам сомаға берешек анықтады. Осы кәсіпорындардың басшыларына 241 ұйғарым беріліп, 31,6 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1,3 млрд теңгеден астам берешегі төленген 8,1 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды», - деді комитет төрағасы.


Соңғы жаңалықтар