Еліміздегі 4 мәдениет ұйымының шығындарын субсидиялау көлемі қысқармақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі 4 мәдениет ұйымының шығындарына мемлекет тарапынан төленетін субсидия мөлшері азаюы мүмкін. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі ашық талқыға шығарған бұйрықта жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Театр билеттері бағасының өсуіне байланысты ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында Наталия Сац атындағы Орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының өз табысы ұлғайды. Осыған байланысты өз қаражаты мен республикалық бюджет қаражаты арасындағы нақты арақатынасты белгілеу мақсатында шығыстарды жабуға арналған субсидиялар мөлшерін 90%-дан 85%-ға азайту ұсынылады», - деп көрселітген құжатта.

Ал «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына берілетін субсидиялар мөлшерін 93 пайыздан 91 пайызға азайту ұсынылды. Өйткені, аталған ұйымның залды жалға беру есебінен өз табысы артқан.

«2022 жылғы қаңтар айынан бастап Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына берілген субсидиялар - 93%, бұл жиынтық мәнде 1,7 млрд теңгені құрады. Республикалық бюджеттен жалақыны ұлғайтуға арналған қаражаттардың бөлінуіне байланысты субсидиялар бойынша пайыз ұлғаю жағына қарай қайта қаралды - 95%, бұл жиынтық мәнде 1,8 млрд теңге. Осыған байланысты ұсынылатын пайыз 0,8%-ға артық болады. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, субсидиялар мөлшерін 95%-дан 94,8%-ға азайту ұсынылады.

ҚР Ұлттық музейіне бөлінген субсидиялар - 90%, бұл жиынтық мәнде 1,5 млрд теңге. Республикалық бюджеттен жалақыны ұлғайтуға арналған қаражаттардың бөлінуіне байланысты субсидиялар бойынша пайыз ұлғаю жағына қарай қайта қаралды - 95%, бұл жиынтық мәнде 1,7 млрд теңге. Сондықтан ұсынылатын пайыз 2,3%-ға артық болады. Осыны ескере отырып, субсидиялар мөлшерін 95%-дан 94,8%-ға азайту ұсынылады», - делінген бұйрықта.

Құжатты ашық талқылау 6 желтоқсанға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар