Еліміздегі 188 млн гектар жайылым жердің 43 пайызы ғана мал жаюға қолданылып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 188 миллион гектар жайылымдық алқап болса, соның 43 пайызы немесе 80 миллион гектары ғана мал жаюға қолданылып отыр. Сонымен қатар, бұл жерлердің көбі ауыл маңына жақын орналасқан, ал кейбір жайылымдық жерлер белгісіз себептермен тиімсіз пайдаланылуда. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жайылымдарды тиімді басқару мен пайдалану мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында мәлім болды.

Жиын барысында келтірілген мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда 188 млн. гектар жайылымдық жер болғанымен, оның тек 43 пайызы ғана тиімді пайдаланылып отыр. Сонымен қатар, 27 млн. жайылымды алқап тозуға ұшырап отыр.

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, депутат Жексенбай Дүйсебаевтың айтуынша, төрт түлік малдың басым көпшілігі ауыл маңына жақын аумақтарда ұсталады. Соның салдарынан ондай жерлердің басым бөлігі іс жүзінде бүлініп, тозған. «Өйткені, қазіргі таңда 20 миллионнан астам мал басы, оның ішінде халықтың жеке ауласындағы және шаруа қожалықтарының меншігіндегі малдар осы жерде жайылады, тиісінше, бұл аймақтағы малдың тығыздығы қолданыстағы нормативтен бірнеше есе жоғары. Соның салдарынан, яғни жерді тиімді пайдаланбау, бұрынғы дәстүрге сай жазда жайлауларға өрістету ережелерінің бұзылуынан жайылымдық жерлер тапшылыққа ұшырауда. Бұл сонымен бірге, мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету жағдайын да наарлатып тастады. Ал нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бір жағынан мал басын өсіре алмай, екінші жағынан қолда бар малдың өнімділігін арттыра алмай келеді. Міне, осының өзі республикамыздағы мал шаруашылығының тұтастай рентабельділігіне кері әсер етуде», - деді Ж. Дүйсебаев.

Оның сөзіне қарағанда, аталған кедергілер заң шеңберінде нақты реттелмегендіктен қалыптасып отыр. Осыған байланысты кейбір аймақтарда жайылым жетіспеушілігі күрделене түсуде.

Соңғы жаңалықтар