Елімізде жыл соңына дейін жаңадан 23 мектеп ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін елімізде 23 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылы тек республикалық бюджет есебінен 53 млрд теңгеге 110 мектеп салынуда. Биылғы жылы 72 мектеп пайдалануға беріледі. Оның ішінде 49 мектеп 1 қыркүйекте есігін ашса, жыл соңына дейін 23 мектеп іске қосылатыны жоспарлануда», - делінген министрлік мәліметінде.

Айта кетейік, 2015-2017 жылдары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында мектептердің құрылысына 135 млрд теңге бөлінді. Үш жылдың ішінде Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджет есебінен 347 жаңа мектеп салынды. Яғни 235 жаңа мектеп салу көзделгенімен, жоспар 147 пайызға асыра орындалды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жекеменшік мектептердің құрылысын ынталандыру бойынша шаралар қолданылуда. Бұл тұрғыда ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысын жекеменшік мектептерге орналастыруға мүмкіндік беретін толықтырулар енгізілді.

Сонымен қатар, қазір құрылыс нормалары мен ережелері оңтайландырылып, жан басына қаржыландыру әдісіне өзгертулер енгізілуде. Апробация нәтижесінде мектептерді басқару бойынша жинақталған жаңа тәжірибе республиканың басқа өңірлеріне, яғни демографиялық өсімі жоғары облыс орталықтарында жоба түрінде іске асатын болады.

«Атап айтқанда, 2018-2019 оқу жылында Қазақстанның 7024 мектебіне 3 млн астам оқушы мектепке барады, оның ішінде 350 мыңы  бірінші сынып оқушылары», - деп атап өтілген ведомство хабарламасында.

 

Соңғы жаңалықтар