Елімізде жыл сайын 37 мың адамнан қатерлі ісік дерті анықталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде жыл сайын 37 мың адамнан қатерлі ісік дерті анықталады. Бұл туралы Премьер-Министр орынбасары Алтай Көлгінов өткізген кеңесте айтылды. Онда Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде республикада онкологиялық аурулармен ауыратын 205 мыңнан астам науқас динамикалық бақылауда болса, жыл сайын 37 мың жаңа жағдай анықталады. Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім қанайналым жүйесі ауруларынан кейін екінші орында.

Әзірленген Кешенді жоспар онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Оны қаржыландыру мемлекеттік бюджет пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Осылайша, ҚР Президентінің бастамасымен құрылған қор жыл сайын 50 млрд теңгеден астам қаржы бөледі деп жоспарланып отыр. Бұл қаражат жоғары технологиялық сәулелік жабдықтарды сатып алуға және онкологиялық орталықтарды жарақтандыруға, ісікке қарсы препараттарға тапсырыс беруге, мамандарды шетелде оқытуға және басқа да мақсаттарға жұмсалады.

Атап айтқанда, еліміздің барлық өңірлері үшін онкологиялық ауруларды емдеуде ең тиімді заманауи 17 желілік үдеткішті сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, кішігірім ісіктердің өзін және алыс орналасқан метастазаны анықтай алатын позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ КТ) аппараты сатып алынады.

«Өңірлік онкологиялық орталықтарға сатып алынатын жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен облыс тұрғындары үшін сапалы медициналық көмек қолжетімді болады. Тексеру мен емделу үшін елордаға немесе басқа да ірі қалаларға барудың қажеттілігі айтарлықтай қысқарады», - деді Алтай Көлгінов.

Премьер-Министрдің орынбасары Онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспарын қысқа мерзімде бекітіп, осы жылдың III-IV тоқсанында құрал-жабдықтарды сатып алу қажеттігін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар