Елімізде жұмыспен қамту шаралары толық цифрландырылған

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 296 мың адам жұмысқа орналасты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тамара Дүйсенова халықтың табысын арттырудың негізгі шарты – сапалы жұмыс орындары екенін атап өтті.

«Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 296 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 153 мың адам немесе 52% жұмыс берушілер ұсынған бос орындарға орналасса, 122 мыңы мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына, 20 мыңы – ұлттық жобалар шеңберінде еңбекпен қамтылды. Жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың 55 пайызы немесе 163 мыңы тұрақты жұмыс орындарына ие болды», – деді Тамара Дүйсенова.

Жұмыспен қамту шаралары толық цифрландырылды. Бүгінде өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар мониторингі электронды форматта жүрігізлуде.

«Жұмысқа орналастыру жөніндегі өңірлердің мәліметі міндетті зейнетақы жарналары түсімдері негізінде сарапталуда. Зейнетақы жарналары түсімі мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілгендер үшін 81%, жұмыс берушілер ұсынған бос орындарына орналасқандар бойынша – 65%-ды құрап отыр. Ал ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасқан 20 мың адамның тек 38%-да ғана зейнетақы жарнасы бар. Бұл бағыттағы ең төменгі көрсеткіш 2,4% - Маңғыстау облысына, 9,2% - Батыс Қазақстан облысына, 18,5% - Шығыс Қазақстан облысына тиесілі болып отыр. Сондықтан, облыс және қала әкімдері басты назарды ұлттық жоба аясында ашылып жатқан жұмыс орындарының аздығына және зейнетақы жарналары түсімінің төмендігіне аударуы қажет деп санаймыз», - деді Тамара Дүйсенова.

Бұған дейін Еңбек министрі жұмыс күші тапшы өңірлерге мыңнан астам отбасы қоныс аударғанын айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар