Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың қаңтар айында еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласындағы өндіріс көлемі 8,7% өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеңіл өнеркәсіп саласының ішінде, тоқыма бұйымдары өндірісі 8,7%, киім-кешек өндірісі 5,2%, сондай-ақ былғары және оған жататын өнімдер өндірісі 5,9% өсім көрсетті.

«Бұл өсімге мақта талшығы, дайын тоқыма бұйымдары, сыртқы киім, аяқ киім өндірісін ұлғайту, сондай-ақ «Бал текстиль» ЖШС кілем және кілем бұйымдары өндірісі бойынша үшінші цехын, «QazProdGroup» ЖШС аяқ киім өндірісін, «ЕKOHIM» ЖШС жіптер, синтетикалық жіптер, баулар, желілерді өру, арқан-жіп бұйымдарын өндіру жобаларын 2019 жылы іске қосу есебінен барлық кіші салаларында байқалды», делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту – басым бағыттардың бірі болып отыр. Өйткені, саланың халықты жұмыспен қамтуда әлеуметтік маңызы зор.

2015-2019 жылдары Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 19 млрд теңгенің 22 жобасы іске қосылды. 1 732 жұмыс орны ашылды. Жеңіл өнеркәсіп өндірісі көлемі 2015 жылы 71,6 млрд теңге болса, 2019 жылы ол 112,7 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар, «Қарапайым заттар экономикасын» несиелеу тетігі аясында екінші деңгейлі банктер 6,6 млрд теңге сомасына 30 жеңіл өнеркәсіп жобасын мақұлдады.

«Қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау өнім экспортын дамыту, еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру, тауарларды ішкі нарыққа ілгерілету, «Бизнестің жол картасы 2020« бағдарламасы сияқты өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жүйелі шаралар шеңберінде көрсетіледі. Бұдан басқа, министірлік Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, оны Үкімет мақұлдады», делінген хабарламада.

Жеңіл өнеркәсібінің тауарлары 2019 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алулар алдын ала біліктілік сұрыптаумен конкурс тәсілімен өткізілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізбесіне енгізілді. Мемлекеттік сатып алуда алдын ала біліктілік іріктеуден өткен кезде Индустриялық сертификат беру қарастырылған.

Бұдан бөлек, киім мен аяқ киімді міндетті таңбалау және бақылау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Қазіргі уақытта осы бағытта жол картасы мен әдістемелік ұсыныстар әзірленді.

«Қазір мақта-тоқыма кластерін құру бойынша Жол картасы әзірленді. Ол мақта талшығын қайта өңдеуді 2 есе ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары пайдаланатын шикізатқа (маталар, жіптер, фурнитура және т.б.) кедендік әкелу баждарын төмендету мәселесін шешу міндеті тұр», делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар