Елімізде жаз кезінде жол-көлік оқиғаларының саны өсуі мүмкін

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Облыс орталықтарында жолдағы ереже бұзу деректерінің жартысынан көбі автоматты тіркеу құралдары арқылы анықталып жатыр. Бұл туралы елордада жолдағы қауіпсіздік саласында жаңа технологияларды пайдалану тақырыбындағы форумда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын халықаралық транзит ағыны да өсіп келеді. Жаз кезінде елімізге өздерінің көлігімен сапарлап келетін шетел азаматтары көбейеді. Еліміздің азаматтары да басқа өңірлерге курортқа барады. Бұл тұрғыда жолдағы апат күрт өсуі мүмкін. Жолдағы апат санын тек полиция күшімен азайту мүмкін емес», - деді Игорь Лепеха.

Осы орайда ол еліміздің ауқымды аумағын ескере отырып, полицейлер патрулін әр жолдың бойында жиі қою мүмкін емес екенін айтты.

«Сонымен қатар, қазір полицейлердің біраз функциялары қысқарған. Бұл тұрғыда полиция қызметкерлеріне көлікті себепсіз тоқтатуға тыйым салғанбыз. Жол ережесін бұзған жағдайда ғана тоқтатады. Сондықтан жолдағы көлік қозғалысын қадағалаудың барлық процесін цифрландыру аясында тиісті оңтайлы шешімдер болуы керек. Атап айтқанда, осыған дейін бұл салада біраз оң қадамдар жасалды. Қазіргі кезде облыс орталықтарында жолдағы ереже бұзу деректерінің жартысынан көбі автоматты тіркеу құралдары арқылы анықталып жатыр», - деді Игорь Лепеха.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кейінгі 12-15 жылда автокөлік саны 3 млн-нан 5 млн-ға дейін артты.

Сонымен қатар, И. Лепеха электр самокаттың жылдамдығы саябақ аумағында автоматты түрде бәсеңдеуі керек екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар