Елімізде жасалған көліктердің қымбаттауына не себеп

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Машина жасайтын отандық кәсіпорындарда қолданылатын тозған техника өндіріс тиімділігін төмендетіп, көлік бағасының қымбаттауына әкеледі. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған машина жасау саласын дамытудың 4 жылдық кешенді жоспарында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Машина жасау саласындағы жабдықтардың 37-40% тозған. Яғни, олар жаңғыртуды немесе жөндеуді талап етеді. Алайда, бұл банктік несиелеудің жоғары ставкаларына, кәсіпорындардың қайта несиеленуіне, кепіл базасының болмауына байланысты күрделеніп отыр», - деп жазылған құжатта.

Кешенді жоспарда көрсетілгендей, тозған техниканы пайдалану кесірінен шығындар өсіп отыр. Тиісінше ол өндіріс тиімділігін төмендетеді және көлік бағасының қымбаттауына әкеледі.

«Бірінші кезекте шағын және орта бизнесті, оның ішінде «Өнеркәсіпті дамыту» қорының желісі бойынша отандық өндірістерді дамыту және жаңа өндірістер құру үшін басым және қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып қалуда. Сондай-ақ, саланың дамуына ұлттық валюта бағамының құбылмалы болуы қысым түсіреді. Бұл - отандық өнім өндірісінде пайдаланылатын аралық тауарлар мен жабдықтар импортының қымбаттауына әсер етеді», - делінген жоспарда.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстандағы машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілмек.


Соңғы жаңалықтар