Елімізде жарты миллионнан аса адам ұлттық спорт түрлерімен айналысады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінде отандық спортшыларымыз халықаралық байрақты бәсекелерде жарқын жеңістерімен, жоғары жетістіктерімен жұртшылық қошеметіне бөленіп жүр. Дегенмен, мұндай көрсеткіштерге әлі де қарқын, тың серпін беру қажет екендігі сөзсіз. Ал бұқаралық спортты дамыту және жоғары жетістіктер спортын жетілдіру бағытындағы ауқымды жұмыс Мәдениет және спорт министрлігіне жүктелген. Бүгін аталған ведомство кеңейтілген алқа отырысын өткізіп, алдағы уақытта атқарар жұмысын белгіледі.

Даңқты спортшылар, спорт федерацияы басшылары бас қосқан жиында баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың атап өтуінше, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ саланы дамытудың өзекті мәселелері мен оларды іске асыру тетіктері сала дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында айқындалған.

Құжат жобасында Мемлекет басшысының тапсырмалары, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының барлық көрсеткіштері мен іс-шаралары интеграцияланған.

Сондықтан ведомствоның алдында тұжырымдама жобасының әзірленуін аяқтау әрі құжаттың қабылдануын жылдамдату міндеті тұр.

Мұны іс-шараға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов те баса айтты.

«Спортты дамытуға арналған жаңа тұжырымдаманы жеделдетуіміз қажет. Бұл жаңа тұжырымдамада бүкіл көрсеткіштер, алдымызда тұрған мақсат-міндеттер көрсетілуі тиіс. Әсіресе, жасөспірімдер, жастарды спортқа баулу, оның ішінде кәсіби спортшыларымызды дамыту мәселелері қамтылуы қажет. 2023, 2024 жылдары, жалпы алдағы 7 жылдық мерзімде қандай нәтижеге қол жеткізуіміз керектігі тұжырымдамада белгіленуі керек», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетерлігі, аталған құжатта азаматтарды жаппай түрде спортпен және дене шынықтырумен шұғылдануға ынталандыру, спорттық марафондар, бұқаралық спортты дамыту іс-шараларын ұйымдастыруды жүйелі қолға алу көзделген.

Асхат Ораловтың атап өтуінше, дене шынықтыру және спорт саласында қолданыстағы нормативтік-құқықтық база заманауи инновациялық және интеграциялық процестер талаптарына толығымен сай келмейді, саланың шынайы қажеттілігін ескермейді.

Сондықтан бұл бағытта министрлік заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жұмысын бастап отыр. Заң жобасы аясында кәсіби спортты қаржыландыру мәселелерін реттеу, спорт мектептері жаттықтырушы-оқытушыларының нормативтік оқу жүктемесін аптасына 24 сағаттан 18 сағатқа дейін төмендету жоспарланған.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, «біздің барлық күш-жігеріміз қазақстандықтар өмірінің қауіпсіз әрі барынша сапалы жағдайын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс». Осы тұрғыда біз спортшыларды, бапкерлерді әлеуметтік қорғау, мүмкіндігі шектеулі спортшыларға жағдай жасау және өзге де мәселелерді қозғаймыз. Заң жобасын жылдың соңына дейін Парламентке енгізу қажет», - деді министр.

Осы орайда вице-премьер спорт мәселесі бойынша әзірленетін заң жобасында балалар спортын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылуы тиістігін атап өтті.

«Алдымызда дене шынықтырумен айналысатын балалар санын 2 есеге арттыру міндеті тұр. Бұл біздің қолымыздан келетін міндет. Ол үшін бірлесіп жағдай жасауға тиіспіз. Мемлекеттік спорттық тапсырысты тиянақты іске асыру маңызды. Осында айтылған ұсыныстарды жан-жақты пысықтау қажет. Біреулер бәсекелестікке жол беру керектігін айтты. Ол да дұрыс. Кемшіліктер бар. оларды да шешу қажет. Мұның бәрін жергілікті атқарушы органдармен пысықтаңыздар. Содан кейін тиісті шешім қабылдау керек», - деді Алтай Көлгінов.

Мәдениет және спорт министрінің атап өтуінше, биылдан бастап мектеп-интернаттың жаттықтырушы-оқытушыларына санаттар үшін олардың біліктілігіне байланысты 6 мыңнан 22 мың теңгеге дейін үстемеақы енгізілді.

Жетекші диетолгтермен және нутрициологтермен бірге республикалық барлық мектеп-интернаттар үшін спорт түрлерінің ерекшеліктері, жүктеме, жұмсалатын килокалорий ескеріле отырып, жас спортшыларға бірыңғай ас мәзірі әзірленді.

Үш кәсіп бойынша спорт саласындағы кәсіби стандарт бекітілді және жылдың соңына дейін 8 кәсіп бойынша стандарт әзірленеді.

Сонымен қатар жылдың соңына дейін сала мамандары үшін халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, біліктілік талаптары өзгертіледі.

«Бұған қоса, жаттықтырушы-оқытушыларға топқа жетекшілік жасағаны және спортшыны жоғары спорттық ұйымдарға бергені, сондай-ақ спорттық атақтар үшін үстемеақылардың жаңа түрлерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау іс-шаралары бойынша ұсыныстарды жылдың соңына дейін мүдделі мемлекеттік органдармен пысықтауды тапсырамын», - деді Асхат Оралов.

Министр келесі міндет – спорттық инфрақұрылымды дамытужәне оның қолжетімділігін арттыру екендігіне тоқталды. Ол үшін мынадай мәселелерді шешу жоспарланған.

Біріншіден, еліміздегі барлық спорт инфрақұрылымына ауқымды түгендеу жүргізіледі.

Екінші, спорт нысандарын есепке алу әдістемесіне өзгерістер енгізіледі.

Үшінші, спорт инфрақұрылымының бірыңғай тізілімі жасақталады.

Төртіншіден, ауылдық жерлерде тез салынатын, шығын аз модульдік нысандар құрылысы қолға алынады.

Есте болса, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт залдары тапшылығын жою мақсатында спорт нысандарын салу, жаңғырту және жабдықтау туралы тапсырма берген болатын.

Осы тапсырма аясында 2025 жылға дейін еліміздің аумағында 113 жаңа спорттық кешен салынуы тиіс. Жалпы, халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – саланың негізгі индикаторларының бірі.

Сондықтан өңірлер Президент тапсырмасы аясында әзірленген жоспарды жүзеге асыру жұмыстарын қарқынды жүргізіп, нысандарды дер уақытында пайдалануға беруі қажет.

Алқа отырысында Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов министрлік алдына ұлттық спортты дамыту міндетін де қойды.

«Бүгінгі күні еліміздің 500 мыңнан аса азаматы ұлттық спорт түрлерімен айналысады. Ол өте жақсы. Бірақ, оны ары қарай дамыту керек. Дәстүрлі спортты балалар арасында дәріптеп, ұрпағымызға дұрыс тәрбие беру міндеті алымызда тұр. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонент қолданысқа енгізілді. Қазақ күресі мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында қаржыландырылатын спорт секцияларының қатарына қосылды. Мемлекеттік спорттық қаржыландырылатын спорт түрлерінің қатарына тоғызқұмалақ пен асық атуды қосу ұсыныстары да түсіп жатыр. Министрлікке мұны да қарауды сұраймыз», - деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар