Елімізде жаңа мұнай өндіру жобалары іске қосылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде жаңа мұнай өндіру жобалары іске қосылады. Бұл туралы Қазақстан мұнай сервис компаниялар одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде мұнай-газ саласы нарығында қарбалас. Оған бірнеше себеп бар, біріншіден, мұнай бағасының өсуі осы салаға жаңа бір серпіліс берді. Екіншіден, мұнай өндіру операторлары жаңа жобаларды қолға алды. Нақтырақ тоқтала кететін болсақ, бюджеті 5 млрд АҚШ долларын құрайтын Қарашығанақ өндірісін кеңейту жұмыстары қолға алынды. Сол сияқты Каспий теңізінде Хазар және Қаламқас мұнай өңдеу жобаларының концепциясы дайын, жуырда іске қосылады. Бұдан бөлек Теңіз кен қойнауында бюджеті 5 млрд АҚШ долларын құрайтын жаңа жоба іске аспақ», - деді Қазақстан мұнай сервис компаниялар одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.

Сонымен қатар одақ төрағасы Елбасы Жолдауындағы аталған сала бойынша атқарылуы тиіс тапсырмаларға да тоқталды.

«Мұнайгаз саласында несие секторын жаңғырту үшін Елбасы атап өткендей тікелей инвестициялар қорын құруды қолға алдық. Бүгінде отандық компаниялар үшін банктік несиелердің көлемін арттыру талабы қойылды. Өйткені кейбір тендерлердің бағасы қыруар қаржыны қажет етеді, ал еркін айналымда қаражаты бар отандық компаниялар аз. Осы тұрғыда Елбасы тапсырмасы экономиканың аталған секторын жаңғыртуға ықпалын тигізеді», - деді ол.

Айта кетсек, Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында соңғы 20 жылда еліміздің 300 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі тікелей шетелдік инвестиция тартылғандығын айтқан болатын.

Статистикаға сүйенсек, еліміздегі барлық мұнай сервис саласы қызметтерінің тек 50% қазақстандық компанияларға тиесілі, ал жер қойнауын пайдалану саласындағы мұнай сервис қызметінің жылдық айналымы 8 млрд АҚШ долларын құрап отыр.

Еске сала кетсек, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағы 2011 жылдың қазан айында құрылған. Одақтың құрамында барлығы 160 мұнай компаниясы бар. Одақтың мақсаты - Қазақстанның ірі мұнай газ жобаларында жергілікті үлесті арттыру, қазақстандық компаниялардың мұндай жобаларға көбірек қатысуын қамтамасыз ету.

Соңғы жаңалықтар