Елімізде ветеринар мамандар қанша жалақы алады
2022 жылғы 16 тамыз 16:59

Елімізде ветеринар мамандар қанша жалақы алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда ветеринар дәрігерлердің жалақысы арттырылады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аграрлық сектордағы ең төменгі жалақы алатын мамандардың бірі – ветеринар дәрігерлер. Республика бойынша мал дәрігерлерінің орташа жасы 40-55 жасты құрайды. Ветеринария секторында жоғары білікті жас кадрлар жетіспейді. Лайықты жалақының болмауы, қиын еңбек жағдайы және ауылдық жерлерде инфрақұрылымның дамымауы жастар арасында мал дәрігері кәсібінің сұранысқа ие емес екенін көрсетіп отыр», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Министр орынбасары келтірген мәліметке сәйкес, биыл ветеринарлардың жалақысы 33,4% артты. Жыл соңына дейін еңбекақыны тағы 60% көтеру жоспарланып отыр.

«Ветеринар дәрігерлердің орташа айлығы әр өңірде әртүрлі. Қызылорда облысында орташа 98 мың теңге болса, Павлодар облысында жалақы 206 мың теңгеге дейін барады», - дейді ол.

Жоғарыда аталған мәселені оңтайлы шешу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі келесі шараларды қабылдамақ:

- бәсеке жоқ аудандық ветеринария станциялары мен бекеттерде ақылы қызметтердің көлемін ұлғайту. Ол үшін барлық жерде ақылы қызмет түрлерінің тарифі бекітіледі;

- тиісті заңнамалық базаны қабылдай отырып, келесі жылдан бастап ветеринар мамандардың лауазымдық жалақысына қосымша 50% төлемақы жасау;

- зиянды еңбек жағдайы үшін мемлекеттік коммуналдық мекемелердің базалық лауазымдық жалақысына 140% қосымша ақы төлеу қарастырылады;

- сондай-ақ сала мамандарына сауықтыру құралы ретінде 2 айлық жалақы төлеуді жүзеге асыру жоспарланып отыр.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT