Елімізде вакциналау және ревакциналау қалай жүргізіліп жатыр
2022 жылғы 12 қаңтар 14:10

Елімізде вакциналау және ревакциналау қалай жүргізіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша коронавируспен күрес жүйелі түрде жүзеге асуда. Алайда «Омикрон» штамы анықталуына байланысты эпидахуал күрт нашарлады. Коронавирус ауруы соңғы екі аптада 41%-ға өскен. Еліміздің 12 өңірінде коронавируспен ауырғандар саны 2,8 есеге артып отыр.Нақтырақ айтқанда, соңғы аптада ауру Нұр-Сұлтан қаласында 9,9 есе, Шымкент қаласында 3,7 есе, Алматы қаласында 2 есе артқан. Осы орайда, халықты және жасөспірімдерді вакциналау және ревакциналау жұмыстары қалай жалғасып жатқаны туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл әлемде коронавирустың жаңа түрінің таралуы басталғанын жеткізді. Қазіргі таңда елімізде аурудың күрт өсімі байқалып, тәулігіне 2 мыңға дейін жаңа жағдайлар тіркелуде. Сондай-ақ, ол пандемияның бүкіл кезеңінде жұқтырғандар саны 1 миллионнаннан астам адамды құрағанын айтып, осы орайда босаңсымау қажеттігін және коронавируспен күресті жалғастыру маңызды екенін атап өтті.

12 қаңтардағы мәлімет бойынша, өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, «қызыл» аймаққа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау облысы кірген. Елде 9 026 131 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін салдырды. Сондай-ақ вакцинаның II компонентін 8 568 324 адам салдырды. Жасөспірімдер арасында вакциналау Рfizer вакцинасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. COVID-19 ауруының алдын алу мақсатында 12 жастан бастап және одан үлкен жасөспірімдер, жүкті әйелдер (16-37 апта аралығында) және бала емізетін аналар (босанғаннан кейін 42 күннен бастап) Рfizer вакцинасын салдыруда.

Бүгін үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауын ескере отырып, Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін екенін хабарлады. Оның мәлімдеуінше, халықты вакцинациялау және қайта вакцинациялау үшін шамамен 6,5 млн дозаны қосымша сатып алу бойынша шаралар қабылдануда.

«Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам инфекциялық төсек-орындарда медициналық көмек көрсетуде. 3000-нан астам науқас ем алуда. Ал елімізде қосымша 50 мыңға дейін төсек-орынды ашуға дайындық бар.Қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, ел ішінде де, мемлекеттік шекарада да қосымша шектеу шаралары енгізілетін болады», - деді Ажар Ғиният.

Министрдің мәлімдеуінше, соңғы аптада вакциналау қарқыны бірнеше есе төмендеген.

«Вакцинациялау және ревакцинациялау деңгейін арттыру керек. Халықтың осал тобын қорғау үшін ревакцинациялауға арналған вакциналар саны көбейтілді. Тек балалар мен жүкті әйелдер емес, 60 жастан асқан адамдарға ревакцинация үшін Комирнати («Рfizer») вакцинасы ұсынылады», - деді ол.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бөлім басшысы Ботакөз Әбдірованың мәліметінше, вакцинациялау 16-18 жастағы жасөспірімдерден басталған.

«Ол тегін жүргізілуде. Республика бойынша 2 000 115 адамды коронавирусқа қарсы Рfizer вакцинасымен егу жоспарланды, оның 367 578-і (18,4%) бірінші компонентімен, 157 210 (7,9%) адам екінші компонентімен вакциналанды. Жасөспірімдерді ревакцинациялау мәселесін ғалымдар әлі қарастыруда», - деді Ботакөз Әбдірова.

Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов өңірдегі эпиджағдай, ревакцинация және жасөспірімдер арасындағы вакциналау туралы айтып берді.

«Қызылорда облысында ревакцинациялауға 26867 адам қамтылған. Қазіргі таңда 16 765 тұрғын егілді. Оның ішінде 3573-і жасөспірімдер, 1407 жүкті әйелдер, сондай-ақ бала емізетін 1785 ана қамтылған.Ересек тұрғындар арасында вакцинация көрсеткіші 92,3%-ды құрайды», - деді Жангелді Шаймбетов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде QazVac, Sinovaс және Рfizer вакцинасы қолжетімді. Сондай-ақ, Спутник вакцинасының екінші компоненті бар.

Шығыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 35 мыңнан астам бала Pfizer вакцинасының екі компонентін алған. Өңір бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 909 344 адам салдырған. Ал екпенің екінші компонентін 901 976 адам алды. Сондай-ақ, 73 877 тұрғын коронавирусқа қарсы ревакцинациядан өткен. Облыста иммундық жүйені нығайтуға ревакцинация QazVac, VeroCell вакциналарымен жүргізілуде.

Аппараттық кеңес барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай нашарлап жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, қала «сары» аймақта орналасқан.

«Халықтың апталық аурушаңдығы 2 есеге артты. Болжам бойынша, мегаполисте індеттің тағы бір толқыны басталды. Алматыда «омикрон» штамының айналымын 20 жастан 39 жасқа дейінгі адамдар арасында жұқтырғандардың үлес салмағының 16,4%-ға, сондай-ақ 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында 1,1%-ға күрт өскенін көрсететін жас құрамына жүргізілген талдау растайды», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, ол симптомсыз формалардың өткен жылдың желтоқсан айында 6%-дан 16%-ға дейін өсуі байқалғанын, бұл омикронға да тән және науқастарды уақтылы анықтау мен оқшаулауды қиындатуы мүмкін екіндігін жеткізді.

«Омикрон штаммы өте тез жұғады, сондай-ақ жастар үшін қауіпті. Қалада халықты коронавирусқа қарсы иммундау жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда бірінші компонентпен 1 077 896 адам, екі компонентпен – 1 028 180 қала тұрғыны егілді. Ревакцинация 69 018 адамға жүргізілді», - деді Ержан Бабақұмаров.

Сонымен қатар, ол әлемнің жетекші ғалымдары мен сарапшыларының деректері бойынша, қолданыстағы вакциналармен ревакцинация «омикрон» штамымен жұқтыру кезінде асқынған және өлім жағдайларын емдеуге жатқызудан 70%-ға қорғайтынын айтып өтті. Оның сөзінше, Алматыда ұжымдық иммунитеттің деңгейі әлі де төмен 59,4%-ды көрсетеді.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бөлім басшысы Ботакөз Әбдірова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2022 жылғы 6 қаңтардағы жағдай бойынша әлемнің 126 елінде «Омикрон» SARS-Cov-2 штамы анықталғанын айтып өтті. Оның сөзінше, «Омикрон» штамының ерекшелігі –жоғары инфекциялық таралуы, қайта жұқтыру қаупінің жоғарылауы. Сондай-ақ, ол «Омикрон» штамының «Дельта» штамынан таралу жылдамдығына тоқталып өтті.

«Жоғары тыныс жолдарында (осы жерде вирус бастапқыда енеді) «Омикрон» штаммы «Дельта» штаммына қарағанда 70 есе жылдам көбейеді. Инфекциядан қорғанудың ең бастысы- вакцинацияның аяқталған курсы және СOVID-19-ға қарсы уақытылы ревакцинация», - деді Ботакөз Әбдірова.

Сонымен қатар, ол вирустың таралу қаупін азайту үшін барлық профилактикалық шараларды сақтау қажеттігін тілге тиек етті. Нақтырақ айтқанда, бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қол гигиенасын сақтау, үй-жайларды желдету шараларын қолдану керек.

Ботакөз Әбдірованың айтуынша, «Омикрон» штамында әлсіздік немесе шаршау, дене температурасының 38 градусқа немесе одан жоғары көтерілуі, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, жөтел сияқты белгілермен сипатталатыны белгілі болған.

«Бұл штамда өкпенің және басқа мүшелердің зақымдануы да мүмкін. Ал, қолданыстағы коронавирусқа қарсы вакциналар ауыр ағымнан да, өлімнен де қорғайды», - деді ол.

Ботакөз Әбдірованың мәліметінше, елімізде барлығы COVID – 19 расталған 999 654 жағдайы, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап-11 341 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 964 713 науқас емделді (97,8%). 21 884 науқас - емдеуді жалғастыруда. Қайтыс болған науқастар саны - 13 057 жағдайы, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 42 жағдайы тіркелген. Сондай-ақ, барлығы коронавирустық инфекцияның (ПТР–) 84 334 ықтимал жағдайы, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап-129 жағдайы тіркелген. 77 264 науқас емделді (97,7%).

Маман індеттің бетін тек белсенді вакциналау шарасы ғана қайтаратынын атап өтті. Оның айтуынша, кез келген жастағы адам сырқаттануы мүмкін бұл вирустық ауру адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сол себепті олардың алдын алу маңызды.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов соңғы күндері қалада коронавирустың жаңа штамы – «омикрон» пайда болғалы бері науқастар қатары күрт өскенін және бұл жағдай өткен мерекелік күндермен тікелей байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, «омикрон» штамы жылдам тарайды, барлық жастағы адамға жұғады.

«Бүгін №10 емханаға бардым. Негізгі күш қаланың емханаларына түсіп отыр. Амбулаториялық қызметтердің жұмысын күшейтуді тапсырдым. Қосымша тағы 4 ауруханаға инфекциялық стационарлар орналастырылды. Науқастар санының одан әрі өсуіне жол бермеу үшін қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға, адам көп жиналатын орындарға бармауға, бір-біріне қонаққа бармауға, ірі отырыстарға қатыспауға шақырамын», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Еуропада соңғы екі аптада 54 елдің ішінде 38 елде ауру асқынуда. Айта кетейік, елімізде «Омикрон» штамының анықталуына байланысты қосымша шаралар енгізіліп, іске асырылып жатыр. Денсаулық сақтау министрі вакцина алмаған азаматтарды алғашқы вакцинация курсын алуға шақырып, 6 ай бұрын вакцинация алған адамдар ревакцинация салдырғаны абзал екендігін ескертуде.

Авторы: Венера Жоламанқызы


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT