Елімізде ұшақпен жүк тасымалдау жеңілдейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясындағы жалпыұлттық телекөпірде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі жобалары іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Е-Freight жобасы - ол жүктердің әуе тасымалы саласында қағазсыз құжат айналымының ақпараттық жүйесі. Жаңа қызмет транзиттік жүк айналымында Қазақстанның әуе кеңістігінің тартымдылығын көтереді. Сонымен қатар, еліміздегі әуе тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл жоба жүктерді рәсімдеу уақытын азайтады», - деді «TransInfoTech» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Сажар Рахметжанов.

Өз кезегінде «Қазпошта» АҚ  «Оңтүстік» ақпараттық-логистикалық орталық басшысы Елжан Қасымов фулфилмент-орталықтар туралы баяндады.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! 2017 жылы «Қазпошта» қуаттылығы тәулігіне 120 мың сәлемдемені сұрыптай алатын  автоматтандырылған желіні іске қосты. Биылғы жылы электронды коммерция орталықтары жұмыс істей бастады. Ұлттық пошта операторы әлемдік интернет-дүкендерге кешенді қызмет ұсына алады. Электронды коммерция нарығында 42 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Қазақстанда электронды сауданы дамытуға бағытталған бүкіл инфрақұрылым қалыптасқан. Бүгінде Астана, Алматы мен Ақтөбеде фулфилмент-орталықтар жұмысын бастауға дайын. Олардың жобалық қуаттылығы жылына 8 млн сәлемдеме. Ал болжамды экономикалық әсері 3,6 млрд теңгені құрап отыр. Қазір «Қазпошта» АҚ аталған орталықтарды іске қосуға дайын», - деді Е. Қасымов.   

Бұдан бөлек, жалпыұлттық телекөпір барысында «ҚазТрансОйл»  компаниясының цифрландырылған диспетчерлік орталығы да жұмысын бастады. Құрылған digital-жүйе Қазақстанда мұнай тасымалын басқаруға мүмкіндік береді. Онлайн режимінде бас диспетчерлік басқару мұнайды қабылдау мен өткізуді іске асырып, шикізатты мұнай өңдеу зауыттарына бағыттайды.

«Цифрлық Қазақстан - қуатты Қазақстанның мүмкіндіктерін білдіреді. Осы жаңа мүмкіндіктермен сіздерді құттықтаймын. Іске қосуға  рұқсат беріледі», - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар