Елімізде ұлттық дәстүрлерге негізделген қайырымдылық шаралары өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл бойы Ұлы даланың дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық шараларын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ассамблеяның биылғы қайырымдылық шараларын қазақтың ұлттық құндылықтарымен байланыстыруды жөн көрдік. Яғни 12 ай бойы өтетін шаралардың әрқайсысы ұлттық дәстүрлермен байланыстырылады. Мысалы, бүгін басталған қайырымдылық шарасы «Сарқыт» деп аталады. Қазақ халқының дәстүрінде сарқыттың қандай орын алатынын бәріңіз білесіздер. Аталған акцияның аясында еліміздің барлық өңірі бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіледі. Және жыл соңында дәстүр атауларымен өткен қайырымдылық шаралары қорытындыланады», - деді ҚХА төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко.

Оның айтуынша, әр ай сайын өтетін қайырымдылық шарасына ұлттық дәстүрлердің атаулары беріліп қана қоймай, сол атауға сәйкес келетін істер атқарылады. Атап айтсақ, сәуір айына жсопарлаған «Асар» қайырымдылық шарасында мұқтаж жандарға асар көмегі ұйымдастырылады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін Астанада «Сарқыт» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, оның аясында елордалық 55 отбасыға көмек көрсетілді.

ҚХА-ның 2019 жылға арналған қайырымдылық шараларының атауы:

Қаңтар - «Сарқыт»;
Ақпан - «Сыбаға»;
Наурыз - «Шашу»;
Сәуір - «Асар»;
Мамыр - «Қамқор»;
Маусым - «Тоқымқағар»;
Шілде - «Ерулік»;
Тамыз - «Жылу»;
Қыркүйек - «Көрімдік»;
Қазан - «Бата»;
Қараша - «Бес жақсы»;
Желтоқсан - «Кәде».

Соңғы жаңалықтар